БЕЖІҢ. Қытайдың Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Бежіңде өтіп жатқан алтыжақты келіссөзге қатысушы елдер Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дағдарыс сенбі күні шешіледі деп үміттеніп отыр. Бұл келіссөз Пхеньянның бас тартуынан туған 13 айлық үзілістен кейін 4 күн бұрын ғана қайта жалғасты. Алты жақты келіссөздің сыртында Солтүстік Корея мен АҚШ өкілдері бүгін өзара төртінші кездесуін өткізді. Соңғы кездесудің де нәтижесіз аяқталғаны жайында хабар келді. Бірақ, екіжақты соңғы кездесудің алдында АҚШ-тың өкілі Кристофер Хилл: “...кеше болған кездесуде біз Корея түбегін ядролық қарудан тазартудың жолдарын сөз еттік; олар мен біздің ұсыныстарымыз сәйкес келді деп мен айтпаймын; бірақ екі делегацияның кейбір идеялары түйіседі”, - деп атап көрсетті.