Алматы қаласында есірткі саудасы өршіп барады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың соңғы алты айында, Алматы қаласында есірткіге байланысты 683 қылмыстық іс тіркелген олардың ішінде 414 адам заңсыз есірткі тасымалымен айналысқаны үшін ұсталыпты.
Алматы қаласындағы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Станислав Ридныйдың айтуынша, есірткі бизнесімен айналысатындар оны әкелудің түрлі айла-шарғыларын ойлап табады. Сарапшылардың мәліметтеріне сүйенсек, Алматы қаласындағы нашақорлардың арасында соңғы жылдары әсіресе героин есірткісі кеңінен қолданыла бастаған. Алматы қаласындағы наркологиялық орталығы емханасының меңгерушісі Кеңесбекова Индира оның себебін, героин бағасының жыл сайын төмендеп және сатып алуға ыңғайлы екендігімен түсіндірді.

«Негізінен, Алматыға героин көп келеді. Оны қолданғандар, есірткінің бұл түріне тез үйренеді. Екі-үш рет пайдаланғаннан кейін, адамның организмі оған тәуелді болып қалады. Біздегі емделіп жатқан аурулардың айтуынша, ең алғашқы рет героин пайда болғанда, оның 1 грамынан 12-13 чек шығып тұрған. Ол кезде 1 чектің бағасы 500 теңге болса, ал қазір оның құны 200-300 теңге тұрады екен», - дейді, Алматы қаласындағы наркологиялық орталығы емханасының меңгерушісі Индира Кеңесбекова.

Алматы қалалық наркологиялық орталықтың дәрігері Сапар Рахманшиевтің айтуынша, соңғы жылдары Алматы қаласында есірткі өнімдерінің сатушылар тым көбейіп кеткен. Оның себебін ол шекаралардың тым жақын орналасқандығымен және көптеген адамдардың есірткі сатуды күнкөріс көзіне айналдырып жібергендігімен түсіндірді.

Естірткі тақырыбына байланысты талай мақалалар жазған Жұмабай Құлиев болса, есірткі заттарының шын мәнісінде тәркіленіп жатқандығына күмәнмен қарайды екен.

«Тәркіленген тауарлар, есірткі немесе басқасы болсын, міндетті түрде айналысқа түседі. Өйткені ол қып-қызыл ақша ғой. Мысалы, 60 килограм героинды, таза алпыс килограм алтын деуге болады», - дейді, журналист Жұмабай Құлиев.

Сарапшылардың айтуынша, әсіресе соңғы жылдары Алматы қаласындағы жастардың арасында есірткіге әуестенушілік көбейіп кеткен. Жекеменшік “Ақ ниет” емдеу-сауықтыру орталығының құпия жағдайда жүргізген сауалнамасының қортындысына сүйенсек, Қазақстанның жоғарғы оқу орнында оқитын әрбір үшінші студент есірткінің дәмін татып көріпті. Біз осыған байланысты Алматы қаласында тұратын жастардың өзін әңгімеге тартқанымызда, Меруерт есімді қыз қазіргі кезде нашақорлықтың үйреншікті құбылысқа айналғандығын әңгімелеп берді. Ал, біз әңгімеге тартқан, қазіргі кезде Алматы қаласындағы наркологиялық диспансерде емделіп жатқан жиырма бестегі Әсет Әлімжанұлының есірткімен әуестене бастағанына биыл алты жыл толыпты. Алғашқы кезде Әсеттің есірткіге құмартушылығы қызығушылықтан басталыпты. Алайда ол келешекте есірткінің өз тағдырына зор кесірін тигізеді деп ойламапты.

«Алғашқы кезде мен есірткінің дәмін татып қана көргім келді. Алайда, келешекте сол есірткіге өз тағдырымның байланып қалатындығын мүлде ойлаған жоқпын», - дейді, Алматы қаласындағы наркологиялық диспансерде емделіп жатқан жиырма бес жастағы Әсет Әлімжанұлы.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, үстіміздегі жылы Алматы қаласында 138 киллограм есірткі заттары тәркіленген.