Жаңа Ата заңның жобасы парламентке жолданды, бірақ Ирақ басшылары арасындағы қайылықтар әлі жойылған жоқ

БАҒДАД. Кеше Ирақтың жаңа конституциясының жобасы парламентке жолданды. Бірақ жобаны дауысқа салу 3 күн кейінге қалдырылды. Парламент спикерінің хабарлауынша, жобадағы дау туғызған 4 проблеманы талқылауға конституциялық комитеттің әлі 3 күн уақыты бар. Спикердің атап көрсетуінше, Ирақтың федеративтік құрылымы мен мұнай байлығын бөлісу тәртібі бойынша әлі ортақ пікір жоқ. Бүгін таңертең конституциялық комитеттің сүннит мүшелері осы комитет пен үкіметті жоба бойынша келісімге келу туралы шартты бұзды деп айыптап, Ата заң жобасына қарсы шықты. Сүнниттер елдің оңтүстігінде шийттердің, ал солтүстігінде күрдтердің автономиясы құрылады деп сескеніп, Ирақтың федеративтік құрылымын қолдамай отыр. Конституцияның жобасы парламент талқысына өткен аптада жолдануға тиіс болатын. Бірақ, бір жағынан шийттер мен күрдтердің, екінші жағынан – сүнниттердің арасында туған өткір пікірталастың салдарынан жобаны парламентке тапсыру бір аптаға кешіктірілді.