Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі лаңкестікпен күреске дайындалып жатыр

Төтенше жағдайлар министрлігі лаңкестікпен күреске дайындалып жатыр. Бұл туралы Астанада министрліктің жаңа басшысы Шалбай Құлмаханов мекеменің алқа отырысында хабарлады. Департаменттер алдында шұғыл құтқару қызметтерінің мамандарын лаңкестік оқиғаларда жасайтын шараларға оқыту жүктеліп отыр. Оның сыртында лаңкестік оқиғаларда қолданылатын жабдықтарға бөлінетін қаражат ұлғайтылады деп хабарланған. Сарапшылар болса, лаңкесшілерге қарсы шараларға қаражатты аяқ астынан ұлғайту кездейсоқ емес деген пікірде.
Бұдан былай төтенше жағдайлар министрлігі лаңкестікпен күрес жұмыстарын күшейтеді деді министр. Оның орынбасары Нұрахмет Бижановтың айтуынша, 2004 жылы киім және жабдық алуға 25 миллион теңге бөлінген. Ал 2005 жылы бұл мақсатқа 123 миллион теңге жұмсау жоспарланған. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаевтың айтуынша, жабдықтарды алуға бөлінген қаражат президенттің жолдауында айтылған шараларға байланысты бөлініп отыр:

«Сол жолдаудағы көрсетілген мәселеге байланысты министрлікке лаңкестікпен күресу жұмыстарын күшейту туралы тапсырма берілді. Түтін, газ бар жерде автономды тыныс алуға мүмкіншілк беретін неміс фирмасының жабдықтары және жарылыс кезінде оққағарлар киетін киімдер аламыз».

Ресми ақпаратқа қарағанда бұл жұмыстардың басты мақсаты өнеркәсіп кешендеріне бағытталған террорлық шабуылдарға қарсы әрекеттерді ұштау. Өйткені, лаңкестік болғаннан кейін оның салдарымен Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі күресуге жауапты. Сондықтан мұнай, атом және басқа да маңызды нысандармен адам көп жиналатын мекемелер бойынша лаңкестікке төтеп беру шаралары жүргізілуге тиіс. Мұндай жұмыс әрдайым жүргізіліп отырады және оған мемлекет жыл сайын ұлғайып отыратын қаражат бөледі, дейді министрлік өкілдері. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаевтың айтуынша, лаңкестік болуы мүмкін деген жерлердің тізімі бар:

«Бізде жергілікті жерлерде қауіпті жерлердің осындай болады деген нысандардың тізімі бар. Ол мектептер, ауруханалар, мешіттер, өнеркәсіп орындары және демалыс орындары».

Лаңкестік болуы мүмкін деген жерлердің тізімінде мектептерде бар. Білім министрінің баспа сөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, Бесландағы оқиғалардан кейін, Қазақстандағы оқу орындары күзетшілермен қамтамасыз етілген:

«Азаматтық қорғаныс әр оқу мекемесінде жүргізіледі, бірақ, Бесланан кейін ол күшейтілді. Әр мектепте қауіпсіздік қызметін енгізе бастадық. Ақша жергілікті бюджеттен бөлінеді, ата-аналардан алынбайды».

Бұған дейін бұрыңғы төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпей лаңкестік әрекеттер тек шалғай мемлекеттерде емес, көрші елдерде болып жатқан шақта бізде сақ болуымыз қажет, деген болатын. Ал, төтенше жайдайлар министрінің орынбасары Болат Жанасаев стратегиялық нысандарда жаттығулар өткізілетіндігін хабарлаған. Негізінен отын-энергетикалық кешендерге көп көңіл бөлінеді деді ол. Ал, саясаттанушыы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, Қазақстанға Өзбекстаннан қауіп төнуі ықтимал:

«Егерде ертең Каримовты белгілі бір топтар орнынан ауыстырып, қақтығыс болса, ол бізге гуманитарлық апат әкелуі мүмкін. Біздің шекарамыз ашылып, бізге қаптаған адам келуі мүмкін».

Кейбір қазақстандық сарапшылардың пікірінше, қаржының аяқ астынан бөлінуі алдағы президенттік сайлаудағы насихатта жасалатын шаралармен ұштастырылған. Ал, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев бұл пікірмен келіспей отыр және төтенше жағдайлар министрлігінің жабдықтарын дереу толықтырмаса болмайды, дейді ол:

«Құдай сақтасын, зілзала болса біз үйлерді бұза алмай, арасынан адамдарды шығара алмай қаламыз. Алматы қаласының өзі оған дайын емес. Егерде қақтығыс апат болса, біздің министрліктің өрт сөндіруден басқа қолынан түк келмейді».

Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ермек Келімсейітовтың айтуыншада, Қазақстандағы ормандарды қорғау үшін тік ұшақтар жетпейді:

«Қазақстанда 272 миллион гектар жер бар. Соның 4,5 пайызын орманды алқаптар алып жатыр. Біздің комитетте 2 тік ұшақ бар. Ал, қалған әуе кемелерін жалға аламыз. Арнайы су бүркетін тік ұшақтар болады, сол бізге жетпей тұр».

Ал, төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов орталық аппаратттың және аймақтық басқармалардың қызметін жақсарту туралы бұйрыққа қол қойды. Министрдің айтуынша, бұған дейін мекемедегі жұмыстың тиімділігіне төтенше жағдайлар салдарын жою жүйесіндегі келеңсіздіктер кесірін тигізіп келген.