Мүгедек жандар азаматтық құқығымыз шектеліп отыр дейді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қыркүйектің 8-і күні Алматыда мүмкіндігі шектеулі бір топ азамат қазіргі таңда саңырау жандардыің әлеуметтік салаларға бейімделуі мен олардың білім алуы өзекті мәселеге айналып отыр деп мәлімдеме таратты. Олар Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін кәсіпорындар, жоғары білім алатын оқу ордалары жоқ дейді.
Қазақстан саңыраулар одағының мүшесі мүгедек жан Сәуле Шакуова:

“Туғаннан саңырау немесе ауыр еститін қабілетті балалардың арнаулы орта немесе жоғары білім ала-алмауы біздер үшін өзекті мәселе болып отыр. Себебі, Алматы қаласындағы саңырау балалар үшін 1 балабақша мен 2 мектеп, арнаулы кәсіптік білім беретін 2 оқу ордасы ғана жұмыс істейді. Бұл оқу ордаларында кәсіби сурдо-аудармашылардың жетіспеушілігінен саңырау балалар толық білім алып шыға алмайды”, - дейді.

Оның айтуынша, бұл оқу ордаларына ілінбеген мүгедек жандар өз қалталарынан ақша төлеп хат танып, кәсіп игеруге мәжбүр екен.

“Бүгінгі нарық заманында етікші немесе шаштараз мамандығын игерген мүгедек жанның күн көрісі де қиындап кетті. Бір кәсіпті игергенімен көшеде босқа жүрген мүгедектер саны да өсіп отыр», - дейді Сәуле Шакуова.

Ол Кеңес одағы кезінде саңырау жандар жұмыс істеген нысандардың барлығы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін белгісіз жағдайда сатылып кеткендігі, оларда еңбек еткен мүмкіндігі шектеулі жандардың тығырыққа тірелгенін айтады.

“Біз бүгін осы жайттарды жария етіп, ақпарат құралдары арқылы қоғам назарын өзімізге аударуды жөн санадық”, - дейді Сәуле Шакуова.

Ресми дерекке жүгінсек, қазір Қазақстан бойынша 150 мыңнан астам саңырау адам бар болса, олардың 12 мыңға жуығы Алматы қаласы мен облысында тұрады екен. Осы орайда біз ҚР Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, мүгедек жандардың білім алуы мен еңбекке араласуы, олардың әлеуметтік қорғалуы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы сұраған едік. Аталған министрліктің мүгедектерді әлеуметтік қорғау бөлімі бастығының орынбасары Гүлнар Тоқсейітова:

“Атқарылып жатқан шаралар көп, бірақ, ол туралы телефон арқылы ақпарат бермеймін”, - дейді.

Үкіметтік емес “Үміт” саңырауларға жәрдем көрсету орталығының жетекшісі Аманбике Ерғалиева:

“2005 жылдың көкек айында “ҚР Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау” туралы заңы қабылданды. Осы заңға сәйкес мүгедектерді оңалтудың 2005-2008 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру үшін ақша да бөлінді”, - дейді.

Оның айтуынша, мүгедек жандар үшін үкімет барлығын жасап, ақша да бөліп жатыр. Бірақ, оны шенеуніктер орындауға ықылас танытпай отыр. Былтырғы жылы желтоқсан айында үкімет Қазақстан телеарнасына сурдоаударма жобасын жасау үшін 57 млн теңге қаржы бөлді. Ал сол жоба әлі іске асырылған жоқ. Себебін сұрасақ, техника жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деп қарап отыр”, - дейді.

Жарымжан жандардың басындағы проблемалар жайлы мәлімдеме таратып отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса жоғарыдағы бағдарламалардан келер пайданың аздығын айтады. Олар: “Мүгедек жандардың азаматтық құқығы қорғалуы үшін мемлекеттік құрылымдарда, парламентте білімді мүгедек азаматтардың отырғандығы дұрыс”, дейді.