АҚШ-та «Рита» дауылы төнген аймақта қазақстандықтар бар

  • Гүлмира ХАМЗА
“Рита” дауылы төніп келе жатқан АҚШ аймағында 20-ға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Бұл туралы қырқүйектің 23-күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады. Қазіргі кезде мамандардың айтуынша, олар бұл аймақта жүрген азаматтарға көмек көрсету үшін барлық шараларды іске асырып жатыр, арнайы жедел телефоны іске қосылып тұр.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мұхтар Кәрібай иырзаның айтуынша, Америка Құрама Штаттарының Хьюстон, Луизиана, Техас штаттарында болған Қазақстан азаматтары қауіпсіз жерде, олардың саны 20-ға жуық адам болады. “Рита” дауылы төніп келе жатыр дегеннен бастап Қазақстанның үкіметі көмек сұраушыларға қолынан келген жәрдемнің барлығын беріп жатыр деді Қазақстан сыртқы істер мекемесінің өкілі жұма күні «Азаттық» радиосына:

«Сол жақта жүрген Қазақстан азаматтарына құқықтық көмек көрсету үшін республиканың сыртқы істер министрлігі мен елшілік өкілдері осындай шараларды іске асырып жатыр. Біздің телефондар арқылы Қазақстан азаматтары жедел түрде ақпарат алып отырады».

Қазіргі кезде Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі мен Астанадағы Сыртқы істер министрлігінде жедел телефон жұмыс істеп жатыр. Өзін таныстырғысы келмеген жедел телефон қоңырауларына жауап беріп отырған Сыртқы істер министрлігінің Уәлихан есімді қызметкері, жедел телефон іске қосылғаннан бері балаларын іздеп, телефон шалғандар көп болған жоқ дегенді айтты:

«Біз Техас, Хьюстанда балалары оқитын азаматтардың сұрағына жауап береміз, оларды тіркейміз, сосын Қазақстанның Вашингтондағы елшілігіне хабарлаймыз».

Техастан алынған соңғы жаңалықтарды Қарлығаш Жақиянова да жібермей бақылап жүр. Себебі, Қарлығаштың ұлы Берік Техаста білім алып жатыр. Берік Жақиянов - Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қазіргі кезде Павлодар облысында сот жазасын өтеп жатқан, Қазақстандық оппозиция мен халықаралық демократиялық ұйымдар саяси тұтқын деп санайтын Ғалымжан Жақияновтың баласы.

«Берік бір күн бұрын хабарласқан, ол біз алаңдамасын деп, барлығы жақсы деп айтады ғой, бірақ мен соңғы ақпараттарды естіп, бұл дауыл 5-ші дәрежедегі дауыл екенін біліп, алаңдап отырмын», - дейді Беріктің анасы Қарлығаш.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Вашингтондағы қазақ елшілігі «Рита» дауылы төніп тұрған АҚШ аймақтарында жүрген қазақстандықтарға қолымыздан келген көмектің барлығын көрсетеміз дегенді айтып отыр. Сыртқы істер министрлігінің баспассөз хатшысы Мұхтар Кәрібай Америкадағы елшілік тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді дегенді жеткізді. Ресми Астана өкілдерінің бұл уәдесіне баласы Техаста жүрген Қарлығаш Жақиянова онша сеніп отырған жоқ.

«Бұл олардың қолынан келмейтін іс шығар. Көп затты басқаша айтатын елшіліктен қандай үміт күтуге болады», - дейді ол.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазіргі кезде төтенше жағдай жарияланған аймақтағы 12 адаммен Қазақстан елшілігі байланыс орнатқан, олардың көбі “Болашақ” бағдарламасы бойынша Америкада білім алып жатқан қазақстандық жастар екені хабарланып отыр.