Пәкістанға тәліптердің көсемі молла Омардың Ауғанстанда бас сауғалап жүргені мәлім болды

ИСЛАМАБАД. Пәкістан тергеушілеріне берген жауабында тәліптердің қолға түскен өкілі Абдулла Латифия Хакими Талибан қозғалысының жетекшісі молла Омар Ауғанстанда бас сауғалап жүр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, молла Моаммад Омар өзінің кеңесшілерімен сымсыз телефон арқылы байланысып тұратын көрінеді. Хакими – Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан өлкесінде қолға түсті. Пәкістанның ақпарат министрі Шайх Рашид Ахмад оның қолға түсуін “үлкен жетістік” деп бағалады: “Біздің пайымдауымызша, Хакимидің қолға түсуі маңызды ақпар береді. Өйткені, ол баспасөзбен жұмыс істеді, ол тәліптердің өкілі болды және оның тәліп лидерлерімен байланысы бар. Бұл – біздің қауіпсіздік күштеріміз бен армиямыздың үлкен жетістігі”. Ауғанстан үкіметі Хакмимиді қолға түсірген Пәкістанға өз ризалығын білдірді.