Баспасөзге шолу. 10.06.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бейсенбі күнгі басылымдар ресейлік “Финанс” журналының келешекте Қазақстан мен Ресейдің қосылуы мүмкін екендігі туралы жорамал жасағандығына баса назар аударыпты. Ресейдегі “Политика” қорының президенті Вячеслав Никонов БАҚ-тарға берген сұхбатында бұл арандату мақсатында ойдан шығарылған ақпарат дегенді айтыпты. Мұндай ақпараттың пайда болу себебін Вячеслав Никонов алдағы уақытта Қазақстанда өтетін президент сайлауымен байланыстырыпты.
“Түркістан” басылымында жарық көрген Нәзия Жоямергенқызының “Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп қайдан?” атты сараптамалық мақаласында ресейлік “Финанс” журналының келешекте Қазақстан мен Ресейдің қосылуы мүмкін екендігі туралы жорамал жасағандығы хабарланыпты. “Финансы” журналы таратқан бейресми деректерге сүйенсек, Кремль болашақта Мәскеудің ықпалын арттыруды көздейтін шараларды бастап жіберген. Алайда Ресейдігі “Политика” қорының президенті Вячеслав Никоновтың пікірінше, бұл арандату мақсатында ойдан шығарылған ақпарат. Мұндай ақпараттың пайда болу себебін Вячеслав Никонов алдағы уақытта Қазақстанда өтетін президент сайлауымен байланыстырыпты. Өз сөзінде Вячаслав Никонов бұл ақпараттың ұлттық оппозицияны Назарбаевқа қарсы қоюға талпынып жүрген оппозиционерлерден шығуы мүмкін екендігі туралы жорамал айтыпты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Литер” басылымында жарық көрген “Ресей мен Қазақстанды біріктіріп жүрген кім” атты талдау мақалада “Финанс” журналының Владимир Путиннің үшінші мерзімге қалуы үшін жаңа Одақ құрғысы келіп отырғандығы, оның президенті болып өзі, ал вице-президенті қылып Нұрсұлтан Назарбаевты тағайындағысы келетіндігі туралы болжам жасағандығы айтылыпты. Автор өз мақаласында мұндай ақпараттың шындыққа үйлеспейтіндігі туралы ойын білдіріп, мұндай мәліметтің билікті сынау үшін Қазақстандағы оппозицияға аса тиімді ілік болып отырғандығына тоқталыпты. Мақала авторының мұндай жорамал жасауына, аталмыш ақпараттың “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшыларына жиі сөз беріп жүрген ресейлік “Эхо Москвы” радиобекетінен айтылуы себеп болыпты.

“Айқын” басылымы болса Қазақстан Сыртқы Істер Министрінің орынбасары Вадим Зверьковтың Қазақстанның Ресеймен одақ құруы мүмкін екендігі туралы ақпаратты жоққа шығарғандығын хабарлапты. Қазақстан Сыртқы Істер Министрінің орынбасары Вадим Зверьковтың пікірінше, бұл мүмкін емес, мұндай ұсыныс ешқашан екі тараппен талқыланбаған. Саясаттанушы Берік Әбідағалиев болса мұндай ақпараттың пайда болуы кездейсоқтық деп есептемейді екен. Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, Путиннің саясатында ішкі саяси жүйені қалпына келтіріп, қасындағы мемлекеттерге бұрынғы ықпалын күшейте түсуді қарастырып жатқаны бесенеден белгілі. Газет тілшісіне берген түсініктемесінде Берік Әбдіғалиев Кремльдің конфедерациялар құру туралы жобасы бар екендігіне күмәні жоқ екендігін айтып, Ресейде өз ықпалын осындай жобалары арқылы қайта қалпына келтіруге үлкен мүмкіншіліктерінің бар екендігіне тоқталыпты.

“Жас Алаш” басылымының бейсенбі күнгі санында жарық көрген бас мақала да осы тақырыпқа арналыпты. Мақалада ресейлік “Финанс” журналының Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге баруын жиілетіп жібергендігіне байланысты екі мемлекеттің Одақ құруы мүмкін екендігіне қатысты жорамалы беріліпті. Саясаткер Болатхан Тайжан болса “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында мұндай әңгіменің шығуының бекер емес екендігіне тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевтан бәрін де күтуге болады деген ойын білдіріпті. Саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, бұл әңгіме сырттан әдейі қоздыру мақсатында жасалынып отыр. Оның себебін Ерлан Қарин Ресей мен Қазақстанның қосылатыны туралы әңгіменің соңғы үш-төрт жылдың ішінде, осымен екінші рет көтеріліп отырғандығымен байланыстырыпты. Мақалада сондай-ақ “Нағыз Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының “Ресей мен Қазақстан арасындағы интеграцияны қолдан күшейтудің Қазақстандағы ішкі жағдайға ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізуі мүмкін екендігі туралы “Эхо Москвы” радиобекетіне айтқан пікірі келтіріліпті.