Қазақстанда абақтыда отырған әрбір екінші адам аурудың ауыр түрімен сырқаттанады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы жақында елдегі жазасын өтеп жатқан азаматтардың денсаулығын тексере келіп, абақтыда отырған әрбір екінші адам аурудың ауыр түрімен сырқаттанады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының бас прокуратурасының жақындағы жоспарлы прокурорлық тексеру нәтижесі бойынша, елдегі қылмыстық-түзету жүйесіндегі медициналық қамтамасыз етудің сапасына сын айтылып отыр. Бұл жөнінде бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жамкенов қылмыстық-атқарушы жүйе комитеті бірқатар жұмыстарды атқарғанына қарамастан «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы» президент жарлығының орындалуы лайықты қамтамасыз етілмей отырғандығы және де жазасын өтеп жатқандарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын түбегейлі жақсарту жөніндегі лайықты шаралар қабылданбай жатқандығы бас прокуратура тарапынан анықталып отыр дейді. Осы ретте прокурорлық тексеруде айғақталған деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта түзету мекемелерінде соматикалық және жүйке ауруларымен ауыратын 14 мыңнан астам адам, туберкулезбен ауыратын 5400-ден астам адам жазаларын өтеуде. Бұл дегеніміз, абақтыда отырған әрбір екінші адам аурудың ауыр түрімен сырқаттанады деген сөз дейді бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенов.

Сондай-ақ, Сәулебек Жәмкенов прокурорлық тексеру нәтижесі көрсетіп отырғандай, әрбір үшінші түзету мекемесінде медициналық және дәрігерлік қызметтер лицензиясыз жүргізіледі. Бірқатар түзету мекемелерінде дәріханалар мен емдік кабинеттерде мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттардың сақталу деректері де анықталған дейді. Және де Сәулебек Жамкенов атап көрсеткендей, анықталған заң бұзушылықтар ескеріле отырып, әділет және денсаулық сақтау министрліктеріне прокурорлық қадағалаудың тиісті актілері жіберіліп, іс қадағалауға алынбақ.

Осылайша бас прокуратура бұл мәселе бойынша қылмыстық-түзету жүйесін сынға алып отыр. Ал біз осы жайтқа орай әділет министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару комитетіне хабарласқанымызда, ондағы аты-жөнін атамаған қызметкер бұл жөнінде тек қана медициналық басқарма бастығының міндетін атқарушы Нұртай Ерқисаұлы жауап бере алады. Алайда, ол дүйсенбі күні жұмыста болмайды деді.

Енді осы жайтқа орай ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, сенатор Жабайхан Әбділдинге хабарласқанымызда, ол мәселе мұншалықты ушығып тұр дегенге келісе алмайтындығын білдірді.

Алайда, аталған мәселеге екінші бір ҚР парламенті сенатының депутаты Зәуреш Батталова мүлдем басқаша пікірін білдірді. Ол шын мәнінде жазасын өтеушілердің денсаулығы төмен екенін айтады. Сөйтіп, қалай дегенменде аталған мәселені ҚР бас прокуратурасы бақылауға алатындығын мәлімдеп отыр.