Зілзаладан жапа шеккен Пәкістан әсіресе... Үндістанның көмегіне дән риза болды

МУЗАФАРАБАД: Өткен сенбідегі зілзаладан 23 мыңдай халқы қырылған Пәкістанның солтүстігінде бүгін таң сәріде қуаты 5.6 балға жететін тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Ал кеше Пәкістан президенті П.Мушарраф үкіметтің бастапқыда табиғат апатына душар болған аймақтарға көмекке асықпағанын мойындап, енді құтқару жұмыстары толыққанды іске асырылып жатыр деп мәлімдеді. Кеше ұлттық телеарнадан айтқан сөзінде П.Мушарраф халықаралық қауымдастыққа, оның ішінде әсіресе өзіне телефон соғып, қолдан келген көмегін ұсынған Үндістан премьері Манмохан Синхқа дән ризалығын білдірді. Кеше Пәкістандық Кашмирдің астанасы – Музафарабадта зілзаладан қираған үйлердің астынан Ресейдің құтқарушылары 5 жасар сәбиді қазып алды.