АҚШ президенті Дж.Буш БҰҰ-н Рафиқ Хариридің өліміне байланысты тәуелсіз комиссия жариялаған баяндаманы талқылайтын шұғыл мәжіліс өткізуге шақырды

Калифорния. Дж.Буш осы жылдың ақпан айында Ливанның бұрынғы үкіметбасының қастандықпен өлтірілуіне байланысты есепті өте алаңдарлық құжат деп атады. БҰҰ-ның тергеу-тексеру комиссиясының Қауіпсіздік кеңесіне берген есебінде Харири өліміне Сирияның билігі, оның ішінде президент Башар Ассадтың жақындары мен олардың Ливандағы одақтастарының қатысы бар деп жазылған. БҰҰ-ғы Сирияның елшісі Файссал Мекдад хабарламаны әділетсіз деп атады:

- Сирияда ешкімнің де Харири өміріне жасалған қасатандыққа қатысы болған емес, бұны біреулер отырып алып, ойдан, қиялдан шығарып жазған. Бұл мүмкін емес, бізде мұндай процеске ешбір адамның қатысы болмағандығы жөнінде дәлелдер бар.

Сирия хабарламаны саясиландырылған есеп деп атады. Ливан билігі де Харириге жасалған қастандыққа қатысымыз жоқ деп мәлімдеді. Кеше түні ББС-ге берген сұхбатында Британияның сыртқы істер министрі Джек Строу Қауіпсіздік кеңесі Сирияға халықаралық санкциялар талабын талқылауы мүмкін деп айтты.