Бірқатар сарапшылар Орталық Азия елдері үшін ұлттық қауіпсіздік басты мәселе дейді

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Қазанның 26-сы күні Алматыда жиналған Орталық Азия мәселелеріне маманданған халықаралық сарапшылар аймақтағы ұлттық қауіпсіздік пен лаңкестіктің бүгінгі көрінісі мен бет алысы турасында ой бөлісті. Олардың айтуынша, ең басты мәселе – ұлттық қауіпсіздік аймақтағы елдердің қай-қайсысын да сырттан гөрі іштен көбірек мазалап отырған көрінеді.
Ресейлік саясаттанушы Николай Кузмин Орталық Азия елдері үшін дәл қазіргі уақытта лаңкестіктен гөрі ұлттық қауіпсіздік мәселесі маңыздырақ болып отырғандығын айтады.

«Бұл мәселеде сырттан бәлендей қауіп төне қоймағанымен аймақтағы елдердің өз ішіндегі ұлттық қауіпсіздігіне алаңдаушылықтың белгісі бар. Ал мұндай қауіп төне қалған күнде осы өңірдегі елдер бір-біріне көмектесе ала ма деген сауалдың шешімі де қиын», - дейді Николай Кузмин.

Себебі, оның ойынша, айталық Қазақстан біріккен операциялар жүргізу жөніндегі келісім-шарттар бойынша және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы құжаттары негізінде аймақтағы елдерге көмектесе алады.

«Алайда, ең бастысы - онда тәртіп пен тыныштықты орнатуға жауапкершілікті кім мойнына алады, мәселе осында. Қазақстан Иракқа әскер жіберсе, ондағы бар жауапкершілікті АҚШ өз мойнына алып отыр», - дейді ресейлік саясаттанушы Николай Кузмин.

Дегенмен өзбекстандық саясаттанушы Владимир Поромонов аймақтағы елдердің ұлттық қауіпсіздігіне сырттан, нақтырақ айтқанда оңтүстік бағыттан төнер қауіп барын айтады.

«Айталық, Қазақстан мен Өзбекстанға Түркіменстандағы режимнің, биліктің өзгеруінің салдарының кері әсері тиюі мүмкін. Бұл ауыртпалықты алдымен Өзбекстан қатты сезінетін болады», - дейді ол.

Ал қырғызстандық саясаттанушы Нұр Омаров алдағы уақытта азаматтық толқулар Өзбекстанмен қатар Қазақстанды да шарпу мүмкіндігі зор екендігін айтады.

«Қазақстан президенті бұл сайлауда жеңіп шығар, бірақ билікті одан әрі ұстап тұруы қаншалыққа созылатыны белгісіз», - дейді ол.

Сондай-ақ қазақстандық саясаттанушы Ерлан Қарин нақты деректер бойынша, Орталық Азия елдері ішінде ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төніп тұрған ел - Қырғызстан дейді. Оның салдары аймақтағы көршілеріне кері әсерін тигізеді дейді Е.Қарин.

Осылайша бірқатар халықаралық сарапшылар ұлттық қауіпсіздік пен лаңкестік - бүгінгі таңда Орталық Азия елдері үшін бас қатыратын мәселелер болып отыр дегенді айтады.