Сенатор Уалихан Қайсар Орталық сайлау комиссиясын сот бермек

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Президенттікке үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынған Парламент Сенатының депутаты Уалихан Қайсар Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының үстінен Жоғарғы сотқа арызданды. Ол соттан осы комиссияның өзіне қатысты шығарған шешімінің күшін жойып, өзін президенттікке үміткер ретінде тіркеуін сұрап отыр. Сенатор Қайсар, сайлаушылардың өзін қолдаған 100 мыңнан астам қолын Орталық сайлау комиссиясы дұрыс есептемеген деп санайды. Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Уалихан Қайсар заңға сәйкес, тиісті қол жинай алмаған дейді.
Президент сайлауына үміткерлерді ұсыну басталған кезде ең бірінші болып өзінің кандидатурасын ұсынған Парламент Сенатының депутаты Уалихан Қайсар Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің жинаған қолдарын санау барысында тікелей өзіне қатысты қылмыстық, бұрмалаушылық әрекетке барғанын мәлімдеді. Уалихан Қайсардың айтуынша, тіркеу жұмысы аяқталардан бір күн бұрын яғни 24-қазан күні өзіне қатысты қаулының өңін қайта өзгерткен.

«Орталық сайлау комиссиясы қандай дәйектерге сүйеніп бір түнде, отыз минуттың ішінде 11 мыңға жуық менің жинаған қолымды өзгертіп жалған деп тапты?!» - дейді сенатор Қайсар.

Ол сонымен қатар өзіне қатысты Орталық сайлау комиссиясы бар болғаны 87 мыңға жуық қол жинады деп жалған ақпарат таратып отыр дегенді айтады.

Уалихан Қайсар соңғы бес күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясының заңсыз әрекеттерін дәлелді құжат ретінде жинап, оны Жоғарғы сотқа берді. Енді Уалихан Қайсар Орталық сайлау комиссиясынан тез арада өзін үміткер ретінда қайта тіркеуін талап етіп отыр. Ал бұл мәселеге қатысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Уалихан Қайсардың сенімді өкілдері жинаған қолдардың тек 60 мыңға жуығы ғана заңды деп табылды дейді. Ол сонымен қатар Уалихан Қайсардың Орталық сайлау комиссиясы жайында осындай мәлімдеме жасағаны оның деңгейінің қаншалықты екенін көрсетіп тұр. Президенттікке үміткер адам осындай сөздер айтуға бола ма деген өзінің пікірін жеткізді.

Уалихан Қайсар не себептен өзін Орталық сайлау комиссиясы тіркемей отыр деген сауалға, ол «мені қолдағандардың дені 1960 жылдан кейінгі туылған азаматтар болды. Яғни олар жастар, ал олар содан қорықты», - дейді.

Ал Уалихан Қайсардың жоғарыдағы мәлімдемесіне қатысты «Сайлауды қадағалау қоғамдық комитетінің» мүшесі Мұрат Әуезов ең бастысы биылғы сайлау таза өтуі керек деген пікірін жеткізді.