Еуропа Одағы Қазақстандағы оппозиция мен журналистер жағдайына алаңдаушылық танытты

  • Досан БАЙМОЛДА
Қазақстанда сайлау алдында оппозиция атынан президентіктен үміткер кандидаттар мен журналистерге түрлі қыспақтардың көрсетіліп жатқанына өз алаңдаушылығын білдірген Еуропа Одағы бейсенбі күні Қазақстан басшылығын елдегі оппозиция мен баспасөз өкілдеріне еркін, демократиялық талаптарға сай жұмыс жүргізуге мүмкіндік жасауға шақырды.
Еуропа Одағы өзінің мәлімдемесінде Қазақстан президенті Н.Назарбаев елде әділ және ашық сайлау өткіземін деп өз уәдесін бергенімен сайлау алдында елдегі оппозициялық партиялардың қыспақталып, тәуелсіз басылымдар билік орындары тарапынан тәркіленіп жатқанына алаңдаушылық білдірген. Еуропа Одағы өз мәлімдемесі арқылы Қазақстан басшылығын оппозициялық партиялар атынан президенттіктен үміткер ретінде сайлауға түсуші кандидаттар мен БАҚ өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне жағдай туғызуға шақырды.

Қазақстанда 1989-жылдан бері билік басында отырған қазіргі президент Н.Назарбаев алдағы 7 жыл тағы да осы елді басқару үшін сайлау бәсекесіне өзі де қатысып отыр. Ол бұл жолғы сайлауды әділ әрі ашық өткізуге уәде берген болатын. Алайда, соған қарамастан, елдегі оппозициялық және тәуелсіз басылымдарға қиын күндер туып, басылымдар халық қолына жетпей, жолдан тәркіленіп жатқандығына алаңдаушылық күшейіп отыр делінген, қарашаның 10-күні Еуроодақ таратқан мәлімдемеде.

Қазақстанның біріккен демократиялық күштері атынан президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі әрі оның сайлау штабының бастығы Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, Еуропа Одағы таратып отырған бұл мәлімдемеде айтылғандардың барлығы шынайы фактілер мен нақты оқиғаларға негізделген.

«Қазір елдегі сайлау алды жағдай мен сайлау кампанияларының қалай өтіп жатқандығын Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ) бақылаушылары күндіз-түні бақылап отыр. Ал олар оппозициялық «Жұма-Таймс», «Свобода слово» секілді басылымдардың қалай тәркіленіп жатқандығын көріп, біліп отыр және билік тарапынан оппозициялық кандидат Ж.Тұяқбайдың үгіт-насихат жұмыстарына арандату, түрлі кедергілер жасау амалдары да тоқтаусыз жүріп жатқандығының куәсі болуда, сондықтан бұндай мәлімдеме жасаулары орынды», - дейді Т.Тоқтасынов.

«Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Айдос Сарым, соңғы кезде оппозициялық басылымдарға, оппозициялық партиялар мен қозғалыстарға қысым тым күшейіп жатқанын айтады.

«Тіпті, биліктің оппозиция өкілдерінен қылмыскер жасау жоспарлары да байқалып қалды. Сондықтан Еуропа Одағының бұл мәлімдемесі билікке үлкен ой салуы керек. Ең маңыздысы - сайлау өткенге дейін қалған 20 шақты күнді абыроймен ұрыс-жанжалсыз өткізсек, бұл - билікке үлкен абырой болмақшы», - дейді А.Сарым.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова болса Еуропа Одағының бұл мәлімдемесіне байланысты Орталық сайлау комиссиясында жұма күні арнайы жиналыс өткендігін айтты. Ал саясаткер Болатхан Тайжан Еуропа Одағының бұл мәлімдемесі шындыққа негізделгенімен, тым кеш жарияланып отыр деген пікір айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы сайлау алды жағдай туралы Еуропа Одағы өз мәлімдемесін бұдан сәл ертерек жариялауы керек еді.

Алайда, Еуропа Одағы Қазақстандағы сайлау алды жағдайға өзінің осындай алаңдаушылығын танытқан күннің ертеңінде, яғни жұма күні, Алматыдағы соғыс ардагерлері ауруханасына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге келген президентікке кандидат Ж.Тұяқбайдың сенімді өкілі Гүлжан Ерғалиеваның үгіт-насихат құралдары мен ол осындағы сайлаушыларға көрсетуге әкелген фильмді сол жерге жеткен аудан прокуроры мен бір топ заң қызметкерлері тәркілеп, Г.Ерғалиеваны жанындағы үш адаммен бірге ұстап, оларды Алматыдағы Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткені мәлім болды.

Сондай-ақ, жұма күні Қазақстан президенттігіне кандидат Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі Орталық штабтың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарымның пәтеріне полиция қызметкерлері тінту жүргізгені жайлы хабар тарады.