АҚШ Сенаты елбасы Буштың соғыс жүргізу саясатына шектеулер енгізетін заң қабылдады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
АҚШ Сенаты елбасы Буштың соғыс жүргізу саясатына шектеулер енгізетін заң қабылдады. Бұл шаралар тұтқындарды қинау тәсілдеріне тиым салады. Сондай-ақ ол тұтқындардың әскери сот шешіміне қанағаттанбаған жағдайда АҚШ-тағы азаматтық соттарға қайрылуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Орталық Барлау агенттігі атынан шетелдерде жұмыс істеп жатқан түрмелер болса, ол жөнінде Конгреске хабарлауды Буш әкімшілігінен талап етіп отыр.
АҚШ Сенаты қабылдаған заңда елбасы Джордж Буштың соғыс жағдайындағы басқару мүмкіндіктеріне біршама шектеу қойылған. Тұтқындарға жасалған қысым жөнінде көптен бері айтылып келе жатқаны белгілі. Алдағы уақытта тұтқындар өзіне қысымның жасалғаны жөнінде айтып қана қоймай, сондай-ақ АҚШ әскери соты шешіміне қанағаттанбаған жағдайда азаматтық соттарға қайрыла алады. Мұндай заңның қабылданып отыруының басты себебі - елбасы Буштың соғыс барысын қалай басқарып отырғанына америкалықтардың көңілі қала бастағаны. Әсіресе қазіргі кезде қаза болған АҚШ солдаттарының санының 2100-ге жетуі осындай заңның қабылдануына бірден бір себепші болып отыр. Алайда, заңды қабылдау барысында Демократтардың ұсынысын Сенат кері қайтарды. Ол ұсыныста Ирақтан әскерді шығарудың есептелген кестесін Буш әкімшілігінен талап ету айтылған болатын. Арнайы кесте жөніндегі идеяны Буш көптен бері кері қайтарып келеді. Оның себебі, АҚШ солдаттары Ирақтан шығарылған жағдайда, әзірліксіз қалған Ирақ өкіметін көтерілісшілер бас салады, делінген болатын.

Республикашылар ұсынған шаралардың авторларының бірі - сенатор Джон Варнер:

“Біз мына мәселеде бірауыздымыз. Ирақ халқына жолданған ұсыныс-мәлімдеме мынандай: біз шынайы айтып отырмыз. Біз өзімізге тиесілі міндетімізді атқардық. Ендігі мәселе өздеріңізде”, - деді.

Республикашылар пікірімен Сенаттағы Демократтар басшысы Харри Рид келіспеуде. Соғысқа қолдау көрсетулеріне ие болу үшін Америка халқын жалған жолға алып келді, деп Рид мырза елбасы Бушты және оның көмекшілерін айыптады. Ол сондай-ақ, қабылданған жаңа шараларды - “елбасының Ирақтағы саясатына сенімсіздік танытуға дауыс беру” деп атады. Рид және оның әріптестерінің айтуынша, олардың заң жобасы ұсынысында әскер шығарудың нақты кестесі жөнінде сөз қозғалмаған. Әскер шығару үдерісін тек мүмкін болған уақытқа белгілеу ұсынылған екен. Рид мырза Демократтар тарапынан ұсынылып отырған заң АҚШ елбасының Ирақ өкіметіне билікті беруіне және Америка әскерлерін шығаруына Республикашылардан гөрі тезірек дем береді, деп сенеді.

Сәрсенбі күні Жапониядағы сапары барысында сөйлеген сөзінде АҚШ елбасы Джордж Буш Ирақтағы соғыс жөнінде Конгресті ілгерішіл хабармен қамтамасыз еткені үшін “өте бақытты” сезінгендігін айтты. Сондай-ақ Ирақтан әскер шығарудың нақты кестесі деген идеяны Сенаттың кері қайтарғанын да ол қызу қуаттады.

Зейнет демалысындағы әскери бір тұлғаның айтуынша, Ирақ елі өзін-өзі қорғай алғанға дейін бұл елден әскер шығару әңгімесін қозғамау керек екен.