«Шекарасыз репортерлер» ұйымы «Борат Сағдиев» дауына араласты

Сөз бостандығын қорғайтын «Шекарасыз репортерлер» ұйымы британиялық комедиант актер Саша Барон Коуэнның веб-сайтын жауып тастаған Қазақстан үкіметіне сөгіс айтты. Саша Барон Коуэн деген актер «Борат Сағдиев» деген дүниеде жоқ қазақ журналисінің сайқымазақ бейнесі арқылы Қазақстан тақырыбын кәсібіне айналдырған. «Борат Сағдиевты» ол нәсілшіл, әйелдерді адам ретінде көрмейтін бейне ретінде көрсетіп келеді. Бұл атышулы бейне Қазақстан интернет кеңістігінде тіркелген borat.kz сайтында да көрсетілген. Қазақстан үкіметі 13 желтоқсан күні бұл сайтты жауып тастады. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы мұны цензура деп қабылдады, Қазақстан үкіметінің қимылы халықаралық ұйым тарапынан зерттелсін дейді.