Өзбекстанның ішкі істер министрі сотқа тартыла ма?

БЕРЛИН. Германия прокурорлары Өзбекстанның ішкі істер министрі Зокиржон Алматовқа қатысты түскен шағымдарды тергеп жатыр. Хабарларға қарағанда, қазір Алматов Германияда емделуде. Адам құқықтары бойынша халықаралық “Хьюман Райтс Уотч” және “Амнести Интернэйшнл” ұйымдары Алматов Әндіжан қантөгісіне тікелей қатысты деп айыптап, Германия сотына шағымданған болатын. Ресми Ташкент Әндіжан оқиғасында 187 адам қаза тапты, олардың көбі терроршылар десе, ал құқық қорғаушылар мен куәгерлер үкімет күштері наразылық танытушыларға қарсы оқ атқан соң, мыңға жуық бейкүнә адам құрбан болды дейді. Бұдан бұрын Еуропалық Одақ Өзбекстанның 12 ресми өкіліне, Еуропа елдеріне кіруге бір жылға дейін виза берілмесін деген шешім қабылдаған болатын. Еуропаға баруына тиым салынған ресмилердің арасында Зокиржон Алматов та бар, бірақ бұған қарамастан Өзбекстанның ішкі істер министрі Германиядағы ауруханада емделіп жатыр.