Баспасөзге шолу. 12.30.2005 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА
Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда бірқатар әлеуметтік зерттеу агенттіктерінің өткен жылға байланысты және келер жылға қатысты қазақстандықтар арасында жүргізген зерттеу қортындылары мен Қазақстан экономикасына қатысты сарапшылар пікірлері айтылыпты.
«Айқын» басылымы жұма күнгі санында «Қазрейтинг» ұлттық зерттеу агенттігінің Алматы тұрғындары арасында жүргізген сауалнамасы бойынша қоғам пікірін жариялапты. «Өткен жылмен салыстырғанда сіздің отбасыңыздың жағдайы жақсарды ма?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушы 1000 адамның 31 проценті «әбден жақсарғанын», 16,1 проценті «аздап жақсарғанын» айтса, 19,5 проценті жауап беруден бас тартатынын білдірген. Ал осы сауалнамаға қатысушылардың 4,6 проценті өткен жылмен салыстырғанда тұрмыс-тіршілігінің нашарлап кеткенін айтса, қалған 28,7 проценті ерекше айтарлықтай өзгерістің болмағанын айтқан. «Айқын» басылымы жариялап отырған «Қазрейтингтің» осы сауалнама қортындысына қарағанда, Алматы тұрғындары негізінде келер жылға үлкен үмітпен қарайтындықтары байқалады. Сауалнамаға қатысушылардың 37,7 проценті 2006 жылдан үлкен үміт күтетіндіктерін білдірген болса, 22,9 проценті онша өзгеріс бола қояды дегенге сенбейтіндіктерін айтқан. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың тең жарымынан астамы жаңа сайланған президент ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына басты назарын аударуы қажет деген пікір білдіріпті.

«Azamat.kz» апталығы жұмалық санында «Репутация» зерттеу орталығының ТМД тұрғындары арасында басқадай зерттеу агентіктерімен бірлесіп жүргізген тұрғындардың келер жылғы отбасылық бюджетіне қатысты зерттеу қортындысын жариялапты. Бұл қортындыға қарағанда ТМД елдері ішінде Қазақстан, Ресей, Украина және Беларуссияның әлеуметтік-экономикалық дамуы назарға ілінген. Сауалнама бойынша келер жылы сіздің тұрмысыңыз биылғыға қарағанда қандай болады деп ойлайсыз деген сұраққа қазақстандықтардың 11 проценті әлдеқайда жақсы болады деп жауап берсе, жай жақсы болады дегендер 38,8 процентті құраған. Ресейде бұл сұраққа жауап бергендердің 9,3 проценті, Украинада 12,4 проценті ғана жақсылықтан үмітті екендіктерін жеткізген. Ал «бүгінгі өміріңізге қанағаттысыз ба?» деген сұраққа қазақстандықтардың 51,5 проценті «иә» десе, ресейліктердің 40,2 проценті, украиналықтардың 27,6 проценті, ал белорустардың 58,4 проценті «иә» дескен. Қоғамдық мәселелерді бақылау орталығының жетекшісі Меруерт Мақмұтованың айтуынша «Қазақстан экономикасы сыртқы коньюнктураға, мұнай бағасына тәуелділігінен биылғы жылы да арыла алмады. Бұл ұлттық экономикадағы ең үлкен кемшілік болмақ» деп жазады «Azamat.kz» апталығы.

«Жас Қазақ» басылымы жұмалық санында қаржы сараптамашыларының келесі жылға деген болжамдарын жазыпты. Бұл болжамдарға қарағанда алдағы 2006 жылы АҚШ долларының бағамы үшін оңай жыл болмайтын тәрізді. Экономистердің пікірлеріне қарағанда көктемге қарай америкалық федералды қор жүйесінің пайыздық ставкалары өсуін тоқтатпақшы. Нәтижесінде экономиканың өсуі баяулап, оның инвестиция тарту мүмкіндігі төмендемек. «Осыған байланысты доллар да әлсірей бастайды» дейді болжам жасаушылар. «Жас Қазақтың» жазуынша қарапайым қазақстандықтар үшін келер жылғы әлемдік нарықтағы доллар бағамының қандай болуы аса бас қатыра қоятын нәрсе емес. Ішкі нарықтағы баға жыл бойына бір доллар 133-135 теңге аралығында болуы мүмкін. Демек әлі де қаржысының басым бөлігін АҚШ валютасында сақтап әдеттенген қазақстандықтар тек инфляция деңгейінде ғана зиян шегеді дейді «Жас Қазақ» басылымы.

«Деловая Неделя» басылымы келер ит жылында ел өмірінде экономикалық және әлеуметтік салада тұрақтылықтың, дамудың жалғасуын күтетіндігін жазыпты. Қазақстанды экономикалық тұрғыдан көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен салыстыра беру үйреншікті жағдайға айналды. «Алайда ел экономикасында әлі де істер ісі көп, мысалы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау жеткілікті болмағандықтан бұл бизнес әлі дамымаған күйде қалып отыр» деп жазады «Деловая Неделя» басылымы.