Баспасөзге шолу. 01.05.2006 жыл

  • Нәйла СҰЛТАН
Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылым беттерінде өткен 2005 жылға қорытынды мен Қазақстандағы ұлттық идеологияға қатысты сараптамалық мақалаларға орын берілген.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Дәуірдің биігінен сөйле, жастық!» деген студенттік құрылыс жасақтары республикалық штабының жетекшісі Нұрсұлтан Кәрімбаевтың мақаласында қазақ жастарының бүгінгі ой-өрісі, мақсат-арманы туралы жазылған. Сондай-ақ автор Қазақстаннның дамып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне жастар жағы қандай көмек көрсетуі керек деген сауалды да қояды. Автор Қазақстанда көптеген жастар ұйымдарының құрылғандығын, олардың тек Қазақстанның ғана мүддесі үшін жұмыс жасап жатқандығын алға тартады. Сөз соңында студент, Қазақстан жастарын адамгершілікке, кісілік қасиеттерге, отансүйгіштік сезімге шақырады.

Ал «Түркістан» газетінде журналист Есенгүл Кәпқызының жазушы Герольд Бельгермен өткізген сұхбаты берілген. Жазушы бұл сұхбатта 2005 жылда болған елдегі маңызды деген оқиғаларға тоқталған. Мәселен, «сайлауға аса мән бермедім, өйткені нәтижесі күні бұрын белгілі болды» деген жазушы, сайлауға көңілінің толмағандығын білдірген. «Себебі дамыған елдерде 91 пайыз дауыс беру ешуақытта болған емес, бұл асыра сілтеушілік» деп баға берген Герольд Бельгер Қазақстандағы саяси партияларға да тоқталады. «Қазақстанда дені дұрыс партия жоқ. Олар партия емес, жай ғана бір топтың ұйымы сияқты» дейді жазушы Г.Бельгер. Сондай-ақ журналистің «Ұлттық фактордан гөрі, әлеуметтік фактор көбірек рөл ойнайды, бұл неліктен?» деген сауалына, Г.Бельгер мырза: «Қазақстанның ұлттық идеясы - қазақ тілі болуы керек. Біз қазақ елінде тұрамыз, қазақтың өзінің тілі бар, ұлттық идеясы бар, біз мүмкіндігінше осының айналасында топтасқанымыз жөн» деп жауап берген.

«Қазақстан Заман» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген Жандар Кәрібайұлының «Қазаққа қауіп қайдан келеді» атты мақаласында тіл, рух, дін мәселелері сөз болыпты. Мақалада бірнеше орыс тілді сөздердің баламасы туралы жазылып, олардың дұрыс аударылмай жүргендігі, сондай-ақ тіл заңының өз аясында орындалмай тұрғандығы айтылады. Автор, кезінде түрік тілі парсы тілінің көлеңкесінде қалып, жетімдік күй кешіп, құрдымға құлап бара жатқанына жаны ауырған шағын ғана қаланың аты бұған дейін белгісіз Қараман деген әкімі: «Бүгіннен бастап үйде, түзде, көшеде, кеңседе, базарда тек түрік тілінде сөйленетін болсын» деп жарлық етіпті деген мысалын келтіре отырып, «ендігі бір тілге деген оң қадамды Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен күтетіндігін» жазады «Қазақстан Заман» газеті.

«Жас Алаш» газеті болса «Әнұран неге өзгертілмек?» деп басталатын автор Шадияр Өстемірұлының мақаласында бүгін сенат пен мәжілістің бірлескен отырысында депутаттар Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін Қазақстанның мемлекеттік әнұран етіп қабылдауды талқылайтындығы әңгімеленіпті. Автордың айтуынша, халықтың басым бөлігі «Менің Қазақстанымды» әнұранға сұранып-ақ тұрған ән ретінде таниды дейді. Бұл бастама азаматтардың арасынан қолдау тапқанымен, бұған қарсы пікір айтуышылар да жоқ емес деген автор, кейбіреулері аталмыш әннің құлаққа жағымды, елдің жүрегіне жақын болғанымен, рухы бәсеңдеу, ұрандық тіні әлсіздеу деген пікірлерін де келтірген. Бұл әннің осымен бірнеше рет көпшілік талқысына түскендігін еске салған журналист, кезекті қадамның астарында саясаттың араласып отырғандығын жеткізеді. Мәселен, осы әнді инаугурация кезінде әнұран ретінде айтқызу арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаев ел алдында өзінің жағымды имиджін қалыптастырмақ десе, екіншіден, демократиялық күштерді тағы да бір қапы қалдыру ойы бар сияқты дейді. «Себебі, «Менің Қазақстаным» әнін оппозициялық партиялар ұран ретінде таңдап алғаны белгілі, үшіншіден, әнұранның өзгеруі тағы бір отбасылық партияның саяси сахнаға шығуымен байланысты» деп жазады «Жас Алаш» газеті.