Президент Д.Буш: «АҚШ-тың бастауындағы коалиция үшін Ирақ және Ауғанстан жерлері негізгі шеп болып қала береді»

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Ирақ пен Ауғанстаннан биылғы жылы бірнеше мыңдаған АҚШ солдаттарын шығару жөніндегі жоспарды елбасы Джордж Буш растады. Ирақта одан кейінгі кезеңдерде де әскер санын одан әрі азайту мүмкіндігін ол жоққа шығармады. Дей тұрғанмен ол үдерістер, Уашингтондағы саяси қысымға емес, Ирақтағы қауіпсіздік деңгейіне тікелей байланысты, деді Буш мырза.
АҚШ Қорғаныс саласы мамандарымен кездесуден кейін АҚШ елбасы Джордж Буш Ирақтағы АҚШ күштерін 17 бригададан 15-ке дейін кеміту жөніндегі жоспарды растады. Әрбір бригадада үш жарым мыңдай солдаттар бар екен. Сайлау алдындағы 138 мың АҚШ әскерінің саны жыл барысында азайтылатын болады. Сондай-ақ сол сайлаулардың өткізілуіне көмектескен 20 мыңдай әскер саны да кемітілмекші, деді елбасы.

Буш мырзаға АҚШ қолбасшыларының айтуынша, Парламенттік сайлаулар тұсында 215 мыңдай Ирақ қауіпсіздік күштері жақсы қызмет көрсеткен екен. АҚШ елбасы сонымен бірге Ирақта табысты өткен аталған сайлаулардан кейінгі ирақтықтардың қалыпты өмірге деген құлшынысына байланысты да оптимистік ойларын ортаға салды. Ирақтың басты саяси партиялары коалициялық өкімет түзу жөніндегі келісімді аяқтап қалды. Оның құрамына шии және сүнні арабтарымен бірге күрдтер де енгізілетін болады. Бұл орайда:

“Біздің күткеніміздей ирақтықтар қауіпсіздік және саяси салада ілгерілеушіліктерге қол жеткізер болса, онда осы жылдың соңына қарай, елде тұрған АҚШ-тың әскер санын азайту жөнінде Ирақтың жаңа өкіметімен сөйлесулер жүргізе аламыз”, - деді АҚШ елбасы Буш мырза.

“Әскер санын азайту жөніндегі шешім Уашингтонда ұсынылып отырған жаңсақ саяси кестелерге емес, Құрама Штаттары қолбасшыларының нақты ұсыныстарына негізделетін болады” деді президент Буш. Америка әскерін Ирақтан шығару жөніндегі стратегиялық бағытты жасауды оппозициядағы Демократтар елбасы Буштан талап етіп келеді.

Сонымен бірге Буш мырза Ирақ полициясының тарапынан орын алған заңсыз әрекеттерге байланысты алаңдаушылығын білдірді. Олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға АҚШ күштерінің айрықша назар аударатындығын да Буш мырза атап өтті.

Құрама Штаттары елбасы Буштың айтуынша Ауғанстанда тұрған 19 мыңдай америкалық солдаттар саны 16 жарым мыңға дейін азаятын түрі бар. Оның себебі Ауғанстанда тұрған НАТО күштері 9 мыңнан 15 мыңға көбейтілмекші. Ауғанстандағы демократиялық үдерістердің одан әрі дамуына тұрақты жағдай жасау үшін АҚШ тарапының стратегиялық бағыты қалыптасқан. Лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте, АҚШ-тың бастауындағы коалиция үшін, Ирақ және Ауғанстан жерлері негізгі шеп болып қала береді, деді Буш мырза.