Түркияның шығыс ауданында құс тұмауын жұқтырған тағы да бір қыз бала қаза тапты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Ол қыз Түркияның шығыс аумағындағы Ван қаласындағы ауруханада ем алған болатын. Жалпы соңғы күндері Түркия және Әзербайжандағы құс тұмауы дертінің қаупі жөнінде әңгіме жиі айтыла бастады. Жас қыздың қазасының ең ауырлығы түркиялық бір отбасында қатарынан 3 перзенттің жарық дүниемен қоштасуы болып тұр. Оған дейін ол марқұмның ағасы мен әпкесі де дәл сол құс дертінен 4-5 күн ішінде қаза тапқан болатын.
Бұл қаза Оңтүстік Азия мен Қытайдан сырт аймақта Еуропамен шекаралас аймақта бұл құс дертінен болып отырған адамзат арасындағы алғашқы кісі шығыны. Және бір отбасыдан қатарынан 3 бала мерт болып отыр.

Осы 3 бала емделген және қайтыс болған Ван емханасының бас дәрігері Авни Сахинның айтуынша, құс дерті күдігімен ауруханаға 40 шақты адам көмек сұрап келген.

- Бірақ бұл аса шектен тыс қауіпті жағдай емес. Олардың 26-сы ғана күдікпен дәрігерлік қадағалауға алынды. Үшеуі қаза тапты. Енді ем алып жатқан 15 науқастан тағы да үшеуі ауыр халде жатыр, - деді бас дәрігер.

Ал енді қаза тапқан әлгі 3 бала Түркияның шығысында Армения және Иранмен шекаралас аймақта тұратын отбасыдан екен.

Түркиядан басталған сақтық шараларын енді ЕуроОдақ елдері де шұғыл түрде қолға ала бастады. Оның негізгісі - адамдардың құстардан аулақ болуы, әрине. Мысалы, Түркия Табиғат қорғау министрі Осман Пепенің бұйрығымен шығыс аймақта құс ауына тыйым салынды. Ал Ван қаласында кез-келген құс немесе оның етінің саудасына да қатаң тыйым салынды.

Түркия Денсаулық министрі Режеп Ақдағтың айтуынша, ол азалы отбасының мүшелері өлген тауықтың етін жеген. Бірақ, БҰҰ Денсаулық ұйымы ол құс тұмауы дертінің адамнан адамға тікелей жұғуы мәселесін зерттеуде екен. Құрбандар тұрған қыстақ Аралық деген жерден 100 шақырымдай жерде жыл құстары өтетін аймақ болғандықтан ол жерде карантин жарияланған. Сондай-ақ, ЕуроОдақ елдеріне Түркиядан келетін құс етіне тыйым салынған. Бұл жөнінде ЕуроКомиссия өкілі Мишел Манн: «ЕуроКомиссия Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен бірге бұл жағдайды қатаң бақылау астына алып отыр. 2005 жылғы қазан айынан бастап Түркиядан келетін құс етіне тыйым салынды деген ереже өз күшінде» десе, Түркия ауыл шаруышылығы министрі Мехди Екер:

- Біз барлық қауіпсіздік шараларын жасадық. Құстар ұшатын 3 шақырымдық аймақ дерлік түгелдей жабылған. Карантин орнатылып, дезинфекция жұмысы жалғасуда, - деді.

Ал әзірше Азиядан тыс аймақ Румыния, Хорватия, Ресей және Қырым түбегі аймағында құс тұмауы анықталғанымен ол дерттің адамға жұғуы кездесе қоймаған еді. Әзірбайжанда құс өлімі болғанымен, Ветеринария бөлімінің бастығы Ғасановтың айтуынша, оның құс тұмауы екендігі анықтала қоймаған. Бірақ сақтық, қауіпсіздік шаралары қатаң қолға алыныпты.