Баспасөзге шолу. 01.11.2006 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА
Қаңтардың 11 күні жарық көрген газеттерде Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының тұрғындары қыстың суығында жылусыз қалғанын жазған. Сонымен қатар сәрсенбі күнгі сандарында Қазақстанның мерзімді басылымдары Астанада республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтаудың салтанатты рәсімі өткені туралы жазған.
2006 жылғы шыққан алғашқы санында «Аргументы и Факты Казахстан» газеті жаңа жылда Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының тұрғындары жылусыз қалғанын жазған. Себебі, жылу электр стансасы апат салдарынан тоқтап қалған. Істен шығып тұрған Тентек жылу стансасы күллі қала мен балабақша, ауруханалар мен перзентхананы жылумен қамтамасыз етеді. Қаңтардың бірі күні бұл стансаның жұмыс істеп тұрған қазандығы істен шыққан. Осының салдарынан 208 көп қабатты үй, 32 әлеуметтік-мәдени саласындағы мекеме жылусыз қалған. Мұндай жағдайды Шахтинск қаласының тұрғындары бір жыл бұрын да басынан кешірген. Нәтижесінде балабақшалар мен мектептер жабылып, қалалық ауруханадан 100 астам адам басқа жерге көшірілген. 2005 жылдың соңғы күндерінде облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов қазандыққа керек жаңа құралдың тұсаукесер рәсімін өткізген, бірақ бұл құралды мамандар іске қоса алмаған, сол себептен қазір ол жұмыс істемейді. Бүгінгі таңда мамандар бұл құралдың істемей тұруын жабдықтарды іске қосатын және мұнда жұмыс істейтін мамандардың жоқтығымен түсіндіреді. Қазіргі кезде жылу стансасының қарызы 250 миллион тенгені құрайды, ал стансаның жұмысшылар алдындағы қарызы 4 миллион теңгеден асып отыр. Жоғары кәсіби мамандарға жағдай жасалмағандықтан, олар стансада жұмыс істеуден бас тартқан, дейді станса қызметкерлері. Өткен жылы Шахтинскте болған оқиғаға байланысты ешкім жауапқа тартылмаған, ал суықтан заттарын бұзып алған азаматтар өз шығынын өтеп алу үшін біраз жүгіргендерін айтады. Бұл күресте соңына дейін жүгіріп, жеңіске жеткен Галина Московская 24 мың теңге өндіріп алғанын жеткізген. Бірақ, бұл ақшаны алу үшін ол жүйкесін әбден тоздырған.

Қаңтар айында болатын суыққа қарамастан Астанаға келушілер көп болғанын “Егемен Қазақстан” газеті жазады. Республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президентінің ұлықтау салтанатына келген бірқатар елдер делегацияларының жетекшілерін қабылдап, екіжақты кездесулер өткізген. Шетелдік қонақтар, сондай-ақ республика жетекшісін президент болып қайта сайлануымен құттықтаған. Қазақстан президентімен кездесіп, құттықтаған президенттердің арасында Ауғанстан жетекшісі Хамид Қарзай, Грузия президенті Михаил Саакашвили, Тәжікстан жетекшісі Имомали Рахмонов болған. Сонымен қатар “Егемен Қазақстан” газетінің сәрсенбі күні жарық көрген санында 2011 жылы Алматыда Азиялық Олимпиада өтетіні айтылған. Азия ойындарын есте қаларлықтай ұйымдастыру үшін қазіргі күндердің өзінде-ақ оған дайындық жұмыстары қолға алына басталған. Өйткені ол келешекте Алматыны қысқы Олимпиада ойындарының астанасы атандырудың алғашқы бастамасы болмақ, деп жазылған Айнаш Есалидың мақаласында. 2011 жылы өтетін 7 қысқы Азия ойындарының жауапкершілігін Алматы қаласы өз мойнына алып отырғаны белгілі. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың наурыздың төрті күні Азия Олимпиадалық кеңесінің Кувейттегі штаб-пәтерінде үш жақты келісімге қол қойылмақ деп күтіліп отыр. Оған Азия Олимпиадалық Кеңесі, Алматы қаласы әкімдігі мен Ұлттық Олимпиадалық комитет өкілдері барады деп жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін Азия ойындары Азияның үш елінде - Жапония, Қытай және Кореяда өткен. Алғашында бұл спорттық додаларға төрт мемлекет қатысса, кейін олардың саны 17-ге дейін өскен, деп жазады “Егемен Қазақстан” газеті сәрсенбі күнгі санында.

“Казахстанская правда” газеті өзінің соңғы санында өткен жыл Қазақстан үшін қандай болғанын жазған. Онда мақала авторы Қазақстан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов 2005 жыл Қазақстан үшін түрлі оқиғаларға толы жыл болды деп жазған. Айтулы оқиғалар қатарына автор Қазақстан мен Ресей жетекшілерінің мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойғанын жатқызған. Қазақстанға маңызды екінші оқиға қатарына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің шілде айында Астанада өткен саммитін жатқызған. Ал республика өмірінде болған үшінші ерекше оқиға ретінде автор Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының ашылғанын атап өткен. 2005 жылдың ең соңғы айтарлықтай маңызды оқиғасына Қазақстан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекшісі Болат Сұлтанов президент сайлауын, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жеткенін жатқызған. Бұл жеңіс ешкімді де таңғалдырған жоқ, таңғалдырса азаматтарды сайлауда бағын сынаған үміткерлер арасындағы алшақтық таңғалдырған. Сонымен қатар, Қазақстан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры алдағы 7 жылда республика президенті бар мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстанның нығайтуына ат салысады деп жазған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін орта және шағын бизнесті нығайту жұмыстары қолға алынатыны, шикізаттық емес салаға айтарлықтай көніл аударыла бастайды деген өз мақаласында Болат Сұлтанов.