Еуроодақ Иранға БҰҰ-ының шешімін орындату үшін кез-келген шараға баруға дайын

БЕРЛИН. Иранмен арада оның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізетін Еуроодақ елдерінің ресми өкілдері бүгін Берлинде бас қосады. Франция, Германия және Англияның сыртқы істер министрлері сейсенбі күні уранды байыту өндірісін қайта іске қосатынын мәлімдеген Иранға қарсы қандай шара қолдану керектігін талдауға тиіс. Теһранның бұл шешімі ресми Вашингтон мен Брюссельдің және Мәскеудің ащы наразылығын туғызды. Кеше парламентте сөйлеген сөзінде британ премьері Т.Блэр Теһранға жаза қолдану үшін “Иран мәселесін” БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына бергізуге күш жұмсайтынын мәлімдеді. Ол Иранға БҰҰ-ының шешімін орындату үшін кез-келген қадамға барудың мүмкін екенін айтты. Алайда кеше Иран президенті М.Ахмадинеджад Теһран Батыстың айқай-шуынан қаймықпай, ядролық ізденістерін жалғастыра береді деп кесті.