«Миромакс» компаниясы «Көшпенділер» фильмін қайта түсірмек

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Өткен жылы көп дау-шарға тап болып барып, экранға жол тартқан «Көшпенділер» фильмін батыста көрсетпек болып, прокатқа алған «Миромакс» компаниясы аталған картинаның бірқатар тұсын қайта түсіріп, өңдеуден өткізуге шешім шығарғаны белгілі болды. Бұл жайтқа орай қазақстандық киногерлер қайшылықты пікір білдіріп отыр.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, кинотанушы, қазақтың кино өнері тарихындағы ең көп қаржыға түсірілген «Көшпенділер» фильмінде редакторлық қызмет атқарған Бауыржан Нөгербеков аталған картинаны әлемдік аренада көрсетпек болып, прокатқа алған «Миромакс» компаниясы американдық және орыс режиссерларының өнеріне қанағаттанбағаны өзін таңқалдырып отырғандығын айтады. Негізінен кино прокатымен айналысатын американдық «Миромакс» компаниясы «Көшпенділер» фильмінің сценарийінің қырық үш бетін қайта жазып, картинаның бірқатар көріністерін қайта түсірмек болғандығы енді бұл туындыдағы өзі солғын тартып тұрған ұлттық және тарихи болмысын тіптен көмескілендіріп жіберетін болды дейді.

Алайда «Көшпенділер» филімін түсіруді бастаған голливудтық кино маманы Иван Пассер мен кейіннен аталған картинаны аяқтаған ресейлік режиссер Сергей Бодровқа Қазақстан жағынан қосалқы режиссер ретінде көмектескен Талғат Теменов бұл жайтқа орайғы ақпарат жаңсақ дей отырып, толыққанды жауап бермеді.

Дегенменде «Көшпенділер» фильміндегі басты ролдердің бірі Әбілхайыр ханның бейнесін сомдағанымен режиссерлардың ауысуына байланысты аталған кейіпкер картинада көрініс таппағанына және жалпы осы филімге жұмсалған қаржы өз мақсатына жұмсалғанына байланысты күдігін әлденеше рет білдірген актер Тұңғышбай Жаманқұлов аталған картинаның қайта түсірілетіндігі жөніндегі ақпаратты растап отыр.

Осы мәселеге орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының директоры Сергей Әзімовке хабарласқан едік. Дегенмен қабылдау бөлмесіндегі хатшы: «Қазір ол бұл мәселеге байланысты ешқандай түсініктеме бермейді» - деп жауап берді.

Дейтұрғанмен киносыншы Бауыржан Нөгербеков қазақ киносы өз тарихында мұншалықты тығырыққа тіреліп көрмеген еді дейді. Естеріңізге сала кетсек, «Көшпенділер»филімінің тұсаукесері өткен жылғы Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың туған күніне тарту ретінде алғаш рет көрсетілген болатын.