Иран: Батыс өзінің қорқыту саясатын доғаруға тиіс, әйтпесе Батыс ислам елдері алдында абыройынан айрылады

ТЕҺРАН. Иран президенті Махмуд Ахмади-Неджад өз еліне Батыстан төнген қатер бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп санайды. Кеше Теһранда өткізген баспасөз-маслихатында Ахмеди-Неджад Иранның “ядролық мәселесін” БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі қарасын деп талап еткен Батыс елдерін сынға алды. Оның айтуынша, Иранның ядролық қаруды таратпау туралы Келісімді бұзбағанын әлем жақсы біледі және оған сәйкес, Иранның ядролық ізденістерді жүргізуге еркі бар. Ахмади-Неджадтың айтуынша, Батыс өзінің қорқыту саясатын доғаруға тиіс, әйтпесе Батыс ислам елдері алдында абырой-беделінен айрылады. Осы күні неміс сыртқы істер министрінің орынбасары (Gernot Erler) экономикалық жаза Иран үшін “өте қауіпті жол” болады деп ескертті. Ал Еуроодақтың сыртқы саясат өкілі Х.Солана Иранға қарсы күш қолдану мәселесінің қаралмағанын хабарлады.