Бұдан былай Қазақстан үкіметінің басшысы Даниял Ахметов ағымдағы жұмыстарға, ал оның орынбасары Кәрім Мәсімов стратегиялық бағыттағы бағдарламаларға жауап беретін болады

Бұл туралы 23-қаңтарда Қазақстан президенті Н.Назарбаев жаңа үкіметтің алғашқы отырысында хабарлады. Ал, кейбір саясаткерлердің айтуынша К.Мәсімовке мүлде басқа жұмыс тапсырылуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғалы елде 6 премьер-министр ауысты. Ал, бұл жолы бірінші орынға үкіметтің стратегиялық әрекеттерін іріктеу шығу керек, деді президент Назарбаев. Осылайша, Мәсімов барлық мекемелердің жұмысын реттеп отыратын болды. Бағдарламаларды әрмен қарай дамыту да осы шенеунікке жүктелді. Осыған орай, президент жұмыс тобын құруды тапсырды. Топ мүшелері ақпан айының соңында жарияланатын президенттің халыққа жолдауын дайындауға тиіс. Ал, энергетика, коммуникация сияқты ағымдағы жұмыстар премьер-министр Даниял Ахметовқа жүктеліп отыр. Осылайша негізгі жұмысты бөлмесек, оны ағымдағы жұмыстар басып кете береді, деді президент Назарбаев.

Президенттің айтуынша К.Мәсімов Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына қосылу бағдарламасын жасауға қатысқан адам. Алдағы жолдауда Қазақстанның болашақта бәсеке таласына сай келетін тізімдегі елдердің алғашқы 50-іне ену туралы стратегиясы нақтырақ айтылады. Бұл неге Ұлттық идея бола алмайды, деді президент. Ал, саясаткер Қажыбай Қабылфазылдың пікірінше, Мәсімовке басқа жұмыс тапсырылуы мүмкін:

- Ол Мәсімов «Қазақгейтке» байланысты президентке біраз жақсылық жасаған болуы керек. Себебі Мәсімов, Өтемұратов, Тоқаев, Әлиев қайта-қайта Америкаға барғыштап кетті.

Президент Назарбаев жоғарғы оқу орындарының санын қысқартып, білім берудің сапасына көңіл бөлуді тапсырды. Оның сыртында ол жаңа мектеп сала бергенше шыдай тұратын аймақтарда мектептерде жөндеу жүргізіп компьютерлер санын көбейту керек деген пікірін білдірді. Президенттің пікірінше, қаржы қадағалау агенттігі мен қаржы министрлігінің жұмысы қанағаттанғысыз болды. Қазақстанның жоғары рейтингін пайдаланған банктер қаржыны қарызға алып Қазақстанның жалпы қарызын өсіріп жіберді, деді президент.

Ал, қаржы министрлігінің жұмысы ашық емес. Ондағы органдардың сатылатындығын бәрі айтып жүр деді ол. Сондықтан осы саланы ретке келтіру үшін қаржы саласында 20 жыл жұмыс істеген Коржова қаржы министрі болды, деді прездиент. Сондай-ақ ол басқа министрліктерді де сынға алды. Назарбаевтың айтуынша, Өзбекстандағы Қазақстан елшісі 112 күн бойы басқа елдерде жұмыс сапарларымен болған. Сондықтан жұмыс сапарларын азайту керек, деді ол. Елшілер мен консулдардың жартысы өздерін жұмысқа жіберген жерде емес, басқа жерде уақытын өткізеді. Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевқа жасаған мәлімдемесінде президент «сен ең болмаса бір рет ашуланып жалқауларды қуып жібер», деген тапсырма берді. Ал, саясаткер Қажыбай Қабылфазылдың пікірінше, шенеуніктер жұмысындағы қалаймақан мен жемқорлықты өзгерту үшін басқа шараларды қолданған абзал:

- Коррупцияны жою үшін коррупциялық режимді жою керек. Үкіметті ол жаңартқан жоқ, бірінің орнына келіп жатыр. Сондықтан ол бюрократия қалай болды, солай бола береді. Оның 50 мықты мемлекеттің қатарына қосылам дегені утопия, фантазия. Өзі қосуы мүмкін біздің алдымызда дүние жүзі танымағаныменен. Біз дүние жүзінен ақпарат ала алмаймыз ғой.

Ал, басқа министрліктер мен агенттіктер құжаттарды дайындауда сатыларды көбейтіп жіберген деп айыпталды. «Мен осы тізбектерді азайтып білікті мамандар жалдап, олардың еңбекақысын өсірер едім», деді президент. Ал, ғылыми институттар дамыған елдерде ашылған жетістіктерді Қазақстанға әкеліп осы жерге икемдеу керек, деді ол. Мысалы, ауыл шаруашылық саласында, деді президент. Оның айтуынша қазір фермерлер мемлекет есебінен қаржыны ұлғайтуды сұрап отыр, дамыған мемлекеттерде ол көп болатыны рас, бірақ, онда әр фермер 38 мың доллар табыс әкеледі, ал, Қазақстанда мың долларға да жетпейді, деді президент Назарбаев.