ЛОНДОН. Бүгін ағылшын үкіметі өз дипломаттарының Мәскеуде тыңшылық еткені туралы Ресейдің мемлекеттік телеарнасынан берілген хабарына “аң-таң болып”, оған “алаңдайтынын” мәлімдеді. Кеше түнде берілген бағдарламада өздерін “ресейлік барлау қызметінің өкілдеріміз” деп таныстырған адамдар ағылшын агенттері Мәскеу көшелерінің біріне астыртын хабар беретін жабдық орнатты деп мәлімдеді. Ресейдің ФСБ немесе Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, оны британ елшілігінің 4 өкілі мен Англияның барлау қызметіне тыңшы ретінде тартылған бір Ресей азаматы іске асырған көрінеді. Ресей телеарнасының хабарлауынша, соңғы азамат кешірек қамауға алынған, ал ағылшын елшілігі өкілдерінің бірі Ресейдегі үкіметтік ұйымдарды үнемі қаржыландырып отырған.