Мемлекеттік емес ұйымдарды қаржыландыруды биылғы жылы үкімет екі есеге көбейтпек.

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда бес мыңнан аса мемлекеттік емес ұйымдар бар. Енді оларды қаржыландыруды биылғы жылы үкімет екі есеге арттыратындықтарын мәлімдеп отыр.
2006 жылы бейресми ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемі екі есеге көбеюі олардың жағынан туындап отырған сұраныс пен уақыт талабы екенін айтады ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің орынбасары Ардақ Досжан. Оның пікірінше, өткен жылы облыстық, қалалық деңгейдегі әкімшіліктер әлеуметтік жобаларға 170 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырса, әлеуметтік саладағы министрліктер шамамен 300 млн. теңге бөлген. Бұл ретте ол екінші азаматтық форумда Қазақстан президенті Н.Назарбаев үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көлемін алдағы он жылдықтың басына дейін 1 млрд. теңгеге жеткізу міндетін алға қойғанын айтады.

«Содан бері аз ғана уақыт өтсе де, министрліктер мен басқа да мемлекеттік мекемелер президенттің тапсырмасын орындау бағытында қаржы бөлуден бөлек біраз істер тындырды», - дейді ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің орынбасары Ардақ Досжан.

Алайда осы жайтқа орай «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім мемлекет тек қана әлеуметтік жобаларға ақша бөліп, қоғамды демократияландыру бағытындағы саяси мәселелермен айналысатын ұйымдарды қаржыландырудан бас тартып отырғаны үкіметтің аталған істегі басты шикілігі дейді.

Дегенменде үкіметтен мемлекеттік емес ұйым ретінде қаржы алған Алматы қалалық қазақ тілі қоғамының төрағасы Эрнест Төреханов үкіметтің саяси жобаларды қаржыландырмауының өз себебі бар екенін айтады.

Ал оппозицияшыл саясаткер, журналист Ермұрат Бапи шын мәнінде азаматтық қоғамды дамыту бағытында жұмыс істеп жүрген бейресми ұйымдардың жобалары әлеуметтік мәселені көздегенімен үкіметтен қаржы ала-алмайтындығын айтады. Және де Е.Бапи, үкіметтің тек қана әлеуметтік бағыттағы жобаларды қаржыландырудағы басты мақсаты қоғамды саяси мәселелерден оқшаулау әрекеті екенін айтады.