Соңғы 7 жылда қазақстандық 306 баланы шетелдіктер асырап алған

Соңғы 7 жылда қазақстандық 306 баланы шетелдіктер асырап алған. Бұл туралы елдің білім министрлігінің өкілдері хабарлады. Ал, қайсібір сарапшылардың айтуынша қазақстандықтардың өзге мемлекетке кетіп жатқандығы ел болашағына кесірін тигізеді. Және бұл балалардың кейінгі өмірі туралы ақпарат толық емес деген пікірлер айтылып жүр.
Қайсібір сарапшылардың зерттеуін қарағанда балаларды асырап алуға Батыс Еуропа мен АҚШ азаматтары әдеттенген. Олар көп жағдайда жас кезінде құрсақ көтеруге ниеттері болмайды. Кейін мансап қуып жұмыс істейді. Ал, жасы 30-40-қа келгенде денсаулықтарының кесірінен бала көтере алмай қалады деген пікір бар. Оның сыртында бала асырап алған отбасыларына дамыған мемлекеттерде салық жеңілдіктері беріледі. Көкшетау қаласындағы балалар үйінің директоры Людмила Пелипенконың айтуынша, жуырда АҚШ-тан келген 40 жасар екі рентгенолог дәрігер Көкшетаудағы балалар үйінен жетім ер баланы алып кеткен. Американдықтардың айтуынша, бұл отбасына әжелері көп қаржы тастаған, ал балалары жоқ, дейді ол.

Көкшетау қаласындағы балаларды асырап алу жұмыстарына жауапты мекеме бастығы Жания Серікқызының айтуынша, тек Көкшетаудан жыл сайын бірнеше бала жетімдер үйінен шетелдік отбасыларына кетеді:

- Бір жылда 15 бала кетеді. Балалар үйіне жіберіп жатқан балалар көп, бастан асады. Солардың біреуі бір отбасына кетсе оның өзі жақсы емес пе?

1998 жылы қабылданған «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес, баланы асырап алған шетел азаматтары бүлдіршіндердің өмірі жайлы жыл сайын есеп беріп тұруы тиіс. Бірақ, қазақстандықтар туралы нақты ақпарат алу қиын, шетел асқан ол баланың денсаулығы, сабағы, тәрбиесі жайлы ақпарат берілмейді десе болады дейді мамандар. Ал, халықаралық заңгер Марат Башимовтың айтуынша, бұл проблеманы шешуге болады:

- Сыртқы істер министрлігі бәрін қарап отыру керек, өздерінің барлық мемлекеттерде адамдары бар. Ондай ақпаратты жинау қиын емес оларға, полициямен хабарласып отырса. Керек болса сыртқы істер министрлігінен бір кісіні отырғызып қою керек. Бір дипломатқа көп ақша керек емес қой.

Қазақстан «Неке және отбасы туралы» заңды Ирландия заңдарын зерттеп жасаған. Өйткені бұл елде жан-жақтан келген 41 мың бала өмір сүреді екен. Бірақ Қазақстанға келген балалардан гөрі, керісінше, елден шыққан балалар басым. Білім министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, соңғы 7 жылда елден 306 бала шетелдерге кетіпті.

- Қазақстан «Неке және отбасы туралы» заңды 1998 жылы желтоқсан айында қабылдаған. Сол уақыттан бері 23 мың баланы асырап алды, оның ішінде 17 мың баланы қазақстандықтар, ал 306 баланы шетелдіктер асырап алды.

Көкшетау қаласындағы балаларды асырап алу жұмыстарына жауапты мекеме бастығы Жания Серікқызының айтуынша, баланы асырап алу оңай шаруа емес және күмәнді тұлғаларды анықтауға болады дейді ол:

- Оның рәсімі былай: алдымен сыртқы істер және білім министрлігінен өтеді. Сосын бізге келеді. Келген соң біз оларға балаларды көрсетеміз, екі апта олар балалармен араласады. Сосын сотқа құжаттарын тапсырады, сот шешімі шыққан соң ғана біз оларға балаларды береміз.

Саясаттанушы Болатхан Тайжан қазақстандықтардың өзге мемлекетке кетіп жатқандығы ел болашағына кесірін тигізеді деп санайды:

- Жалпы, Америка мен Батыс Еуропаның әдеті. Бұл кедей және демократиясы жоқ, баланы асырап тәрбиелей алмайтын елдерде орын алатын жағдай.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі елдегі балаларды асырап алуда делдал болып жүрген американдық «Юнона» агенттігінің жұмысына республика аумағында уақытша тыйым салды. Министрлік жергілікті мекемелерге осы халықаралық агенттікпен барлық байланысты тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің өкілі Ержан Әшікбаев хабарлады. Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, бұл істе елдегі балаларды асырап алуда делдал болып жүрген американдық «Юнона» агенттігінің жұмысына уақытша тыйым салумен шектелуге болмайды:

- «Юнона» болсын, басқа ұйымдар болсын, оларды жабу дұрыс, бірақ, ол мәселені шешпейді. Мәселені шешетін жағдай - ел экономикасын шешу. Бұл ел болашағына нұқсан келтіретін ұстаным. Бала өз ұлтын, дінін, тілін, әдет-ғұрпын білмей өседі. Ол сол отбасының күллі көзқарастарын қабылдап өседі.

Оның сыртында осы агенттік арқылы жүргізіліп жатқан балаларды асырап алуға байланысты барлық рәсімдеу жұмыстарына тоқтау салынды. Бірақ, бұл тыйым неліктен салынғалы жайлы ақпарат берілмеді. «Юнонаның» кеңсесі Калифорнияда орналасқан, бұл агенттіктің жарнамасында Қазақстан, Ресей және Украинадан балаларды асырап алу жұмыстарына септігін тигізеді деп хабарланады.