Қарақшылық жолмен жазылған «Көшпенділер» фильмінің 17 мың бейне таспасы мен DVD-дискілері тәркіленді

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
3 ақпанда Қазақстанның заң қорғау мекемелері жүргізген тексеру нәтижелері бойынша, «Көшпенділер» фильмінің қарақшылық жолмен жазылған көшірмесі бар 17 мың дана бейнетаспа мен DVD-дискілері тәркіленген.
ҚР ішкі істер министрлігі елдегі бірқатар заң орындарымен бірігіп, қарақшылық жолмен жазылған бейне таспалар мен DVD-дискілері өнімдеріне қарсы «Көшпенді» жедел-тексеру шараларын жүргізді, дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығының қызметкері Дүйсенәлі Жетібаев. Оның айтуынша, осы тексеру барысында Алматыдағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының былтырғы туындысы, қазақ киносының тарихында ең көп қаржыға түсірілген «Көшпенділер» фильмінің қарақшылық жолмен жазылып таратылмақ болған 17 мың дана бейне таспасы мен DVD-дискілері тәркіленген.

«Республикалық деңгейде мұндай ауқымды тексеру шараларын жүргізуге түрткі болған да соңғы кездегі елде осындай қарақшылық жолмен жазылып, заңсыз саудаға түскен өнімдердің мөлшерден тыс көптігі болып отыр», - дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығының қызметкері Дүйсенәлі Жетібаев.

Бұл жайтқа орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына хабарласқанымызда, мекеменің аты-жөнін атамаған қызметкері бұл туралы өздерінің білмейтіндігін әрі басшыларының барлығы іссапарға кеткендіктен бұл сауалға жауап беретін адам жоқ екенін айтты.

Ал Қазақстанның авторлық қоғамының төрағасы Марал Сқақбаев бұл жайтқа орай кінәлілерді қатаң жазалау қарақшылық жолмен саудаға түсетін өнімдердің алдын алуға септесетіндігін айтады. Осы ретте Алматы қаласындағы көптеген бейне және дыбыс таспаларын сатумен айналысатын азаматтардың бірі Марат Әбдіревті әңгімеге тартқанымызда, ол бұны кезекті науқандық шара ретінде қабылдайтындығын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі баспасөз орталығының қызметкері Дүйсенәлі Жетібаев қарақшылық өнімдерді саудалағандарға қатаң жаза қолданылатындығын айтады. Және де ол бұл тұрғыда тексерулер енді жиілей беретін болады дейді.