АҚШ күштері өз түрмелерінде отырған 14 мың тұтқынды Ирақ үкіметіне тапсырады

БАҒДАД. Ирақтың адам құқықтарын қорғау министрі АҚШ армиясын өз түрмелеріндегі барлық тұтқынды Бағдад үкіметінің құзырына беруге көндірді. Одан 1 күн бұрын Аустралияның Эс-Би-Эс телекомпаниясы Бағдад іргесіндегі Әбу-Грайб түрмесінде отырған Ирақ тұтқындарын жәбірлеген сәттері бейнеленген жаңа фотосуреттер мен бейнесюжетті көрсетті. Бейнесюжет 2003-інші жылдың соңында түсірілген. Ирақтағы АҚШ армиясының бірнеше абақтысында, оның ішінде Әбу-Грайб түрмесінде 14 мыңдай тұтқын отыр. Онымен қарама-қатар Ирақтың негізінен шийттерден жасақталған ішкі істер министрлігі сүннитерді өлтіріп келген “өлім батальоны” ісін тергеуге кірісті. Бағдадта осы аптаның ішінде ғана діни негізде өлтірілген кем дегенде 30 адамның өлігі табылды.