Этникалық албандар Косово өлкесін Сербиядан біржолата бөліп алуды армандайды

ВЕНА. Бүгін сербтер мен албандардың ресми делегациялары Косово өлкесінің құқықтық мәртебесі бойынша өзара тікелей келіссөзін бастайды. Вена қаласындағы бұл келіссөзге БҰҰ-ы тағайындаған арнаулы өкіл, Финляндияның экс-президенті Мартти Антисааридің бақылауымен өтеді. Антисааридің өкілі хабарлағандай, келіссөздің бірінші сатысында Косово өлкесіндегі сербтер мен өзге азын-аулақ халықтың құқын қорғау мақсатында жергілікті билікті реформалау мәселесі сөз болады. Кеше серб делегациясының өкілі Слободан Самарджич Косоводағы сербтердің қауымдастығына өзін-өзі басқару құқын беру керектігін мәлімдеді. Албан делегациясының басшысы Лутфи Хазир: “...келіссөздің басты мақсаты - өлкені Белградтан мәңгіге бөліп алу” деп атап көрсетті. АҚШ, Англия, Германия, Франция, Италия және Ресейден тұратын “байланыс тобының” дипломаттары болашақ Косово билігінің бірқатар принципі жөнінде өзара ортақ пікірге келіп үлгерді.