Баспасөзге шолу. 02.23.2006 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бейсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың бетінде қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан белгілі саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның екі көмекшісі туралы мақалалар жарық көріпті. Ал, оппозиция болса құзырлы орындардың бұл оқиғаға байланысты Сыртқы Істер Министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаевадан, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы басшысының бірінші орынбасары Қайрат Сатыбалдыдан, белгілі кәсіпкерлер - Александр Машкевич, Патох Шадиев және Әлижан Ибрагимовтан да жауап алуын сұрап отыр.
“Жас Алаш” газетінің бейсенбі күнгі санында негізінен қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан белгілі саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның екі көмекшісі туралы мақалалар жарық көріпті. Осы басылым бетінде жарық көрген саяси сараптамалық мақаласында журналист Мұхтар Жанұзақұлы саяси шахмат алаңындағы басты ойыншы кеткеннен кейін, қалыптасқан жағдайға қайта баға берілуі қажеттілігін жазыпты. “Өкімет мұндай қанды оқиғадан соң шет мемлекеттердің алдында беделін сақтап қалу үшін “Нағыз Ақ жол” партиясын тіркеуге мәжбүр болады” деген мақала авторы, мәселенің ұшығып кетпеуінің Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін қанға бөктіргендердің, ұйымдастырушылардың тиісті жазасын алуы немесе алмауына байланысты екендігін сөз қылыпты. Сондай-ақ “Жас Алаш” басылымының бейсенбі күнгі санында ресми орындар бұл қылмысты орындаушылар деп мәлімдеген “Арыстан” арнайы тобының қалай құрылғандығы туралы баяндалыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан оның оққағары Бауыржан Байбосынның қамқор ағасы, бір жағы жаттықтырушысы Сабырбек Мәдібеков інісінің адал жүректі, ашық мінезді, кең пейілді азамат болғандығына тоқталыпты.

“Қолда бар аз мәліметке қарағанда құқық қорғау органдары әуелі өз ішінде тазарту жұмыстарын жүргізу керек. “Арыстанның” қолға түске бес адамына қоса тағы біраз полигонды қылмыскерлер қолға түсуі мүмкін” деп, жазыпты “Түркістан” газетінің тілшісі Гүлбиғаш Омарова.

“Время” газетінде жарық көрген Виктор Верктің мақаласында белгілі қоғам қайраткері, әрі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға ресми өкілдерден тек Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен президент әкімшілігі басшылығының орынбасары Марат Тажиннің ғана келгендігі айтылыпты.

“Свобода слова” газетінде “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Бас прокурор Рәшит Түсіпбековке, Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың атына жазған ашық хаты жарық көріпті. Өз ашық хатында Жармахан Тұяқбай мырза құзырлы орындардың бұл орын алған оқиғаға байланысты Сыртқы Істер Министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаевадан, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының бірінші орынбасары Қайрат Сатыбалды, белгілі кәсіпкерлер Александр Машкевич, Патох Шадиев және Әлижан Ибрагимовтан да жауап алуын сұрапты.

“Дата недели” немесе “Айна плюс” газетінде жарық көрген журналист Сергей Дувановтың сараптамалық мақаласында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтірген қылмыскерлердің олардың мәйітін тауға апарып тастағысы келгендігіне баса назар аударылыпты. Мақала авторының болжамына сүйенсек, оларды өлтірген қылмыскерлер денелерін тауға апарып тастап, “аңшылықты қаза тапқан” деген қорытынды жасауға негіз болатын жалған із тастауға тырысқан. Сондай-ақ автор өз мақаласында олардың қалай қаза тапқандығы анықталмай жатып-ақ билікке жақын кейбір беделді ақпарат құралдарының Алтынбек Сәрсенбайұлы аңшылықта қаза тапты деген сыңайдағы жалған мәлімет таратқандығына айрықша көңіл бөліп, мұндай ақпаратты олар қайдан алды деген сауал тастапты. Сонымен қатар аталмыш басылымда Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге қатысы бар қылмыскер тобының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде президенттің туыстарының бірі оған басшылық жасаған кезеңде жұмыс жасағандығы айтылыпты.

“Литер” газетіне берген сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында мұндай ауыр қылмыс жасаған адамдардың бірінші рет тез арада табылып отырғандығына тоқталыпты.