Баспасөзге шолу. 03.02.2006 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда жексенбі күні Алматы қаласында Алтынбек Сәрсенбайұлы, Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевті еске алуға арналған жиынға қатысқан оппозиция өкілдерінің жауапқа тартылып жатқандығы баяндалыпты. Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы оны белгілі бір басылымның бетінде сынағаны үшін банктен несиеге ақша алып, өлтіруге тапсырыс берді деп тергеу жұмысын қорытындылағандығына байланысты мерзімді басылымдардың бетінде түрлі пікірлер айтылыпты.
Белгілі әнші Мақпал Жүнісова біраз уақыт үнсіздіктен кейін “Жас Алаш” басылымына сұхбат беріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Мақпал Жүнісова кезінде Заманбек Нұрқаділовтың көптеген адамдарға көмектескендігін айта келіп, оппозиция қатарына шыққаннан кейін олардың кейбіреуінің теріс айналғандығын сөз қылыпты. Заманбек Нұрқаділов қаза табардың алдында Мақпал Жүнісова бірдеңенің болатынын сезгендей қатты алаңдаған көрінеді. Ал, басылым бетінде жарық көрген Жұлдыз Әбділданың мақаласында жексенбі күні Алматы қаласында Алтынбек Сәрсенбайұлы, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевті еске алуға арналған жиынға қатысқан оппозиция өкілдерінің жауапқа тартылып жатқандығы баяндалыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, сейсенбі күні Алматы қаласындағы ауданаралық экономикалық сот алты оппозиционерді қамауға алып, бес адамға айыппұл салу жөнінде шешім шығарған. Атап айтсақ. Төлен Тоқтасынов 15 күнге жабылған. Маржан Аспандиярова мен Әміржан Қосанов 10 күн қамауда отыратын болса, Болат Әбілов пен Петр Своикке де бірнеше күн отыру бұйырған.

“Время” газеті Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы оны белгілі бір басылымның бетінде сынағаны үшін банктен несиеге ақша алып, өлтіруге тапсырыс берді деп тергеу жұмысын қорытындылағандығына байланысты түрлі пікірлер топтамасын ұйымдастырыпты. Мәжіліс депутаты Тоқтархан Нұрахметов белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін Ержан Өтембаевтың өлтіргендігі туралы жасаған тергеу қорытындысының үлкен күмән туғызатындығын айтса, саясаткер Төлеген Жүккев, Серікбай Әлібаев, Ғани Қасымов мұндай тұжырым жасау арқылы құқық қорғау орындарының елді мазақ қылып отырғандығын сөз қылыпты.

“Свобода слова” басылымында қамауда отырған Ержан Өтембаевтың қаза табуы мүмкін екендігі туралы болжам айтылыпты. Бейресми ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгінсек, әлі күнге Ержан Өтембаевқа қорғаушылары жіберілмеген, оның денсаулығы туралы шынайы ақпарат жасырылып отыр. Ал, журналист Гүлжан Ерғалиева сараптамалық мақаласында Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі Қазақстандағы түрлі саяси топтардың арасында билік үшін үлкен теке-тірестің басталғандығын аңғартады деген болжам жасапты. Мақала авторы соңғы болып жатқан оқиғаларға талдай келіп, Алтынбек Сәрсенбайұлын Нұртай Әбіқаев тобының өлтіруі немесе оның көзін құртуға Мемлекет басшысының өзі тапсырыс беруі мүмкін екендігі туралы қорытынды түйіпті.

Сондай-ақ бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауын талқыға салған мақалалар жарық көріпті. “Казахстанская правда”, “Егемен Қазақстан”, “Айқын”, “Литер” басылымдары Президенттің жолдауын толық көшіріп басыпты.

“Түркістан” газетінде жарық көрген Гүлнар Мұқанованың мақаласында Президенттің осы жолғы жолдауында “Экономика. Демократия. Тәртіп” сынды үш мәселенің арқау болғандығы айтылыпты.

“Айна плюс” басылымы парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы кезекті жолдауын оқыған кезде оған Нұртай Әбіқаевтың қатыспағандығына назар аударыпты. Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан “Айна плюс” газетіне берген сұхбатында президенттің бұл жолдауының саяси реформалар жасалуға бағытталатындығын күткендігін, алайда Мемлекет басшысының сөздерінен керісінше демократияны жазалауға бағытталған нышанның байқалатындығына тоқталыпты. Зейнеткер Мәриям Қарақонақова Нұрсұлтан Назарбаевтың зейнетақыға үстеме қосамын деген уәдесіне сенбейтіндігін білдіріпті.