Елдегі адам саудасы мәселесін тек заңмен реттеу мүмкін емес дейді мамандар

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамды саудаға салуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Дегенмен құқық қорғаушы мамандар бұл заң аталған мәселені шеше қоятындығына күмән білдіріп отыр.
Қазақстандық бірқатар депутаттармен қатар адам құқығы жөніндегі ұйымдардың арагідік алаңдаушылық білдіріп отыратын адам саудасы мәселесін заңдық тұрғыдан реттеумен бірге ең алдымен бұл жайттың анық-қанығына тексеру жүргізу арқылы қатаң тыйым салу маңызды дейді аталған сала мамандары. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдардан бері денсаулығы нашар, мүгедек, жарымжан 5 мыңнан астам балаларды емдеп-сауықтыру үшін және салауатты өмір салтында өсіру үшін деген ұйғарыммен жағдайы мен мүмкіндіктері бар шетел азаматтарына берілген болатын дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов. Оның пікірінше, жезөкшелік жолмен немесе т.б. жағдайлармен шетел асқан Қазақстан азаматтарының бүгінге дейінгі нақты дерегі жоқ. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешу үшін тек заңдық тұрғыдан ғана емес, балалардың, жалпы ел азаматтарының шетелге адам саудасы жөнімен кетуіне тыйым салынып, қатаң бақылануы қажет дейді.

- Елдегі адам саудасы мәселесіне алаңдаушылық білдіргенімізбен, осы жайтқа орай құқы бұзылып, бізге ешкім шағымданбағандықтан әзірге қандайда бір әрекет жасай алмаймыз, - дейді Қазақстандағы азаматтардың құқын қорғау жөніндегі ұлттық орталығының сарапшысы Арбол Хасенұлы.

Сондай-ақ ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Жабайхан Әбділдин Қазақстандағы адам саудасы мәселесінде науқас балалардың шетел азаматтарына берілуіне орайғы проблемаларды аталған заң реттейтіндігіне сенімді.

Ал ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы бұл күрделі мәселеге орай бүгінде заңдық емес, мемлекеттік деңгейде саяси шешім қабылданатын уақыты жеткенін айтады. Ал парламенттің тағы бір мүшесі Ерасыл Әбілқасымов бұл мәселені заңнан емес, үкімет адам саудасын қатаң бақылаудан бастауы қажет дейді. Алайда, бұл заң елдегі адам саудасына тосқауыл қоя алмайды дейді депутат.