Қытайдың Қазақстанмен арада және бір мұнай-газ құбыры құрылысын салмақ ниеті қауіпті қадам дейді кейбір сарапшылар.

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Жақында Қытайдың Халықтық саяси-консултативтік кеңесінде Қазақстанмен және бір мұнай-газ құбыры құрылысын бастау қажеттігі жөнінде ұсыныс болғандығы турасындағы жобаны Қазақстан жағы да қолдап отыр дейді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мамандары. Алайда, бірқатар саясаткерлер Қазақстан үшін бұл қадамның қауіпті жақтары көп екендігін айтады.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Алексей Банцикин бұған дейін Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы келісім бойынша, ең ірі жоба «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының іргетасы 2004 жылдың 28 қыркүйегінде қаланып, өте қысқа мерзімнің ішінде өткен жылдың аяғында іске қосылған болатын дейді. Оның айтуынша, енді Қытай елі Қазақстанның батысындағы мұнай және газ өндірісінің Қытайдың шығысындағы өнеркәсіп өлкесімен байланысты одан әрі нығайтып, аталған өнімдерді жеткізудің мүмкіндігін ұлғайта түсуді көздеп отыр. Осы мақсатта бұл жолы екі ел арасына газ құбырын тарту мәселесінің техникалық жақтары мен инвестиция тарту жайттарын нақтылау деңгейінде жоба талқылану үстінде дейді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Алексей Банцикин.

Осы жайтқа орай Қазақстандағы Қытай елшілігіне хабарласқанымызда, баспасөз қызметкері Чень ханым өзінің бұл мәселе турасында тек жергілікті ақпарат құралдары арқылы ғана біліп отырғандығын жеткізді. Ал «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Алексей Банцикин бұл жобаға Қытаймен бірге кейінірек Ресейлік әріптестеріміз де қосылуы мүмкін деген пікірін білдірді.

Алайда Қазақстанның Қытай еліндегі бұрынғы елшісі, саясаткер Мұрат Әуезов бұл жоба көрші ел үшін қай жағынан алғанда да пайдалы болғанымен Қазақстан үшін экономикалық тиімділігінен гөрі саяси зардаптары көп болады деген пікірде. Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов аталған жобаның Қазақстан үшін экономикалық тиімділігі болатындығын алға тартып отыр. Дейтұрғанменде саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам бұл қадамның бірнеше қауіпті жақтары бар екенін алға тартып отыр.

Былтыр іске қосылған Қазақстан мен Қытай арасындағы «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры бірінші кезеңде 10 миллион, ал жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде жылына 20 миллион тонна мұнай тасымалдамақ.