WORLD WIDE MINERALS компаниясы Қазақстан үкіметі мен кейбір қазақстандық компаниялардың үстінен халықаралық арбитраждық сотқа шағымданбақшы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
14 наурыз күні “Қазатомөнеркәсіп” агенттігінің баспасөз қызметі кейбір ақпарат агенттіктері мен мерзімді басылымдардың WORLD WIDE MINERALS компаниясының “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық Атом компаниясын халықаралық арбитраждық сотқа бергендігі туралы мәліметте жаңсақтыққа жол берілгендігі туралы мәлімдеме таратты. Ал, канадалық WORLD WIDE MINERALS компаниясының ресми сайтында өздерінің Қазақстан Үкіметі мен кейбір қазақстандық компанияларды арбитраждық сотқа беретіндігі туралы ақпарат жарық көрген болатын.
WORLD WIDE MINERALS компаниясының ресми сайтында жарық көрген мәліметте өздерінің істі халықаралық арбитраждық сотқа беру арқылы 1996 және 1997 жылдары уран өндірісіне байланысты салған инвестицияларын қайтарып алу мақсатын көздеп отырғандығы айтылыпты. Атап айтқанда, компания Стокгольмдағы халықаралық арбитраждық сот арқылы Қазақстан үкіметінен 3,8 миллиард доллар талап етпекші. WORLD WIDE MINERALS компаниясының ресми сайтында келтірілген ақпаратқа сүйенсек, халықаралық арбитраждық сотта Қазақстан Республикасы Үкіметі тоқтатып тастаған шарттың салдарынан канадалық компанияның қаншалықты шығынға батқандығы туралы да мәселе қаралмақшы.

Жалпы, WORLD WIDE MINERALS компаниясы 1998 жылы да осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі және “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының атына Америка Құрама Штатының аймақтық сотына арызданған болатын. Өз арызында компания Қазақстан үкіметі уранды Америка Құрама Штатына экспортқа шығаратын лиценция бермей заңсыздыққа жол берді деп айыптаған еді. 14 наурыз күні біз осы мәселеге байланысты “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясына хабарласқанымызда, аталмыш мекеменің қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін бөлімінің қызметкері Ольга Орининская осы мәселеге байланысты 1998 жылы өткен соттың Қазақстан Үкіметі мен “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының пайдасына шешілгендігін растады.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін сол жылдары Қазақстанның премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдиннің үкіметінің құрамында жұмыс істеген Әміржан Қосановқа хабарласқан едік. Алайда, ол бұл мәселеге байланысты ешқандай да түсініктеме бере алмады.

«Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін бөлімінің қызметкері Ольга Орининская 14 наурыз күні «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде WORLD WIDE MINERALS компаниясының қайтадан осы мәселені көтеріп жатқандығынан хабарсыз екендігін айтты.

“2002 жылдың 8 тамызында Америка Құрама Штатындағы Колумбия аймағының аппеляциялық соты WORLD WIDE MINERALS компаниясының “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының үстінен түсірген шағым арызын қанағаттандырмай тастағандығы туралы соңғы шешімін шығарды. Америка Құрама Штатының соңғы сот инстанциясында бұл істі қарауға “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы мұрындық болды. 1996 жылы WORLD WIDE MINERALS және “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының арасында уран өндірісіне қожалық етуге байланысты келісім жасалған. Осы шарт бойына канадалық компанияның иелегіне Целинный тау химия комбинатының солтүстік уран өндірісі кешенін басқару берілді. Ал, 1997 жылы бұл компания уранды АҚШ-қа сату үшін лицензия сұрап, Қазақстан Республикасына өтініш жасады. Алайда, олардың бұл өтініші қанағаттандырылмай тасталды. Өйткені, мұндай құқық НЬЮ КЕМ ИНГ компаниясына берілген болатын” - деді, “Қазатомқнеркәсіп” ұлттық компаниясының қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін бөлімінің қызметкері Ольга Орининская.

Біз осы туындап отырған дау-дамайға қатысты түсініктеме алу үшін 14 наурыз күні Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігіне хабарластық. Аталмыш мекеменің ресми өкілі Исабеков Тимур “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде жылы канадалық WORLD WIDE MINERALS компаниясының Қазақстан Үкіметі мен кейбір қазақстандық компанияларды халықаралық арбитраждық сотқа беріп отырғандығын растағанымен, түсініктеме беруден бас тартты.

14 наурыз күні “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы өздерінің үстінен сотқа ешқандай шағым түспегендігі туралы ақпарат таратты.