Қазақстан жұртшылығы наурыздың 29 күні толық күн тұтылуының куәсі болды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Батыс Қазақстанда кешкі бестен 26 минут өткенде басталған күннің толық тұтылуын, бестен 42 минут өткенде Шығыс Қазақстандағы Өскемен қаласының тұрғындары да бақылады. Бұл күні Алматыда ауа-райының бұлтты болуына байланысты, Күн бетінің 70 пайызға жабылғанын алматылықтар көре алмады. Мамандардың айтуынша Күннің толық тұтылуы дегеніміз Айдың не Шолпанның, не Меркуридің, Күн мен Жердің арасынан өткенде күн бетін қалқалап көлеңке түсіруінен пайда болатын құбылыс. Ғалымдар Күннің осындай толық тұтылуын бұдан 65 жыл бұрын, 1941 жылы 21 қыркүйекте Алматыда бақылаған екен. Ғалымдар бұл жолғы күннің толық тұтылуы Айдың күн бетін қалқалауынан орын алып отырғанын айтады. Сондай-ақ ғалымдар Қазақстан жұрты алдағы жеті жыл бойы жеті рет күннің әртүрлі деңгейде тұтылуын бақылай алатынын есептеп қойыпты.
Осы жолғыдай үш минутқа жуық Күннің толық тұтылуы адам өмірінде сирек кездесетін құбылыс. Күннің бетін Айдың қалқалауынан пайда болған, ені 100 шақырымнан астам көлеңкенің жерге түсуі сонау Латын Америкасынан басталып, Бразилияның шығыс жағалауымен мұхитты кесіп өтіп, оңтүстік-батыс Африка, Нигерия, Ливия одан Жерорта теңізінің шығыс жағалауымен Түркия, Грузия, Ресейдің Астрахан облысы, одан Батыс Қазақстанның Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Астананы басып өтіп Павлодар арқылы, Алтай өлкесі, Батыс Сібірге қарай кетеді екен. Тіпті Батыс Сібірде Күн көкжиекке жетпей жерді қараңғылық басып қалатын құбылысқа адамдар куә болмақ. Күннің толық тұтылуы әрбір жерде шамамен 2 минутқа созылады екен. Шынында аздап үрей тудырмаса да, адам бойында психологиялық қолаңсыздық пен біртүрлі сезім оятарлық құбылыс.

Әсіресе, осындай құбылыс кезінде иттер ұлып, сиырлар мөңіреп, айнала азан-қазан беймаза шу болғанын 1968 жылы өзім де байқаған едім. Оны Күн тұтылуының куәсы болған ауылдың тұрғындары байқаған болар. Табиғаттың осы құбылысын қазақи қарапайым сана әртүрлі жаман ырымға жорыған. Көнекөз қариялар халық арасында күн тұтылған жылы жұт болады дегендей аңыздар айтады.

«Жалпы, күннің тұтылуын қазақ халқы онша жақсы көрмейді. Күннің тұтылуында апаттар болады, қасиетті адамдар қайтыс болады, пәлен-түген дегендей аңыздар бар. Енді бұл аңыздардың жердегі адамның қандай оймен айтып жатқанында күннің шаруасы не, ол – табиғат қой», - дейді этнограф ғалым Жағда Бабалық ақсақал.

Алматылық ғалымдар Күннің тұтылуынан үрейленуге еш негіз жоқ деп сендіріп, дегенмен, жануарлар оған сезімтал болатыны айтады.

«Егер сіз толық күн тұтылуы кезеңін бастан кешірсеңіз, ең алдымен аспандағы жарық жұлдыздар мен планеталарды байқағаннан басқа жеңіл самал соғып, сіздің денеңіз түршіккенін байқайсыз. Оның себебі - күннен түсетін жылу радиациясы күрт кемиді. Алматылықтар Күннің толық тұтылуын енді 2115 жылы ғана көре алады. Оны сіздердің шөберелеріңіз көрер», - дейді, Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизика институтының профессоры Виктор Тейфель.

Алматыдағы Жүрек және ішкі аурулар Ғылыми-зеттеу институтының бөлім меңгерушісі Гүлнәр Имантаева күн тұтылуының адам ағзасына әсері аздап бар болғанымен оған физикалық негізі жоқ, бірақ ол психологиялық ыңғайсыздықтан туатын факторлардың әсері дейді.

«Мен Күн тұтылуы адам ағзасына керемет әсер береді деп айта алмаймын. Ол енді ғарыштық магниттік құйындар емес, білмеген адамға психоэмоциялық тұрғыдан әсері болуы мүмкін, ал бұл құбылыс туралы білімі күшті адамға әсері болмайды деп ойлаймын», - дейді дәрігер.

Бұған дейін күннің толық тұтылуы Алматыда 1941 жылы күзде байқалған болса, одан соң 1981 жылы 31 шілдеде Ақмола облысында болған екен. Ал 2003 жылғы 31 мамырда болған күн тұтылуын Қазақстанда көпшілік онша байқамаса, 1999 жылы күн беті жартылай жабылған екен. Бұл жолы ғалымдар Алматы аспанында күн бетінің 70 пайыздай жабылатынын бақылауға болатынын алдын-ала айтқанымен, наурыздың 29-күні ауа-райының бұлтты болуы себепті алматылықтар оны көре алмады. Ғалымдардың есебі бойынша, дәл осындай күн тұтылуын алматылақтар енді 2007 жылы 19 мамырда байқамақ. Жалпы, кейбір ақпарат көздері қазақстандықтар алдағы жеті жыл бойы күн тұтылу құбылысын көре алады деп жазады.