Банктен 164 млн теңге жымқырған күдіктілер ұсталды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ
Алматы қаласының полицейлері АТФ банктің Алматыдағы филиалдарының бірінде 164 млн теңгені қымқырып кеткен деген күдікпен 3 адамды ұстады. Полицияның хабарлауынша, жалған құжаттармен жұмыс істеген топ келесі алаяқтық әрекетін дайындап жатқан кезінде тұтылған.
Ұсталған 3 күдіктіден қазірде 328 мыңнан астам доллар мен 57 млн теңге, банктен қымқырылған ақшаға сатып алынған компьютер, Мерседес автокөлігі тәркіленіп, банкке 104 млн теңге қайтарылыпты. Ал бұл оқиғадан кейін АТФ банктің қауіпсіздік жүйесі қатая түсті деп хабарлады, осы банктің баспасөз хатшысы Анатолий:

- Алаяқтардың бұл әрекетінен банктің беделі түсіп қалған жоқ. Клиенттеріміз бен серіктестеріміздің бізге деген сенімі азайған жоқ деп айта аламын. Қауіпсіздік жүйесі бұл оқиғадан соң, жетілдіріліп, күшейтіле түсті.

Бұл оқиға биылғы шілде айында болған. АТФ банктің Алматыдағы филиалдарының біріне келіп, 20 минуттың ішінде 164 млн теңгені есеп-шоттан алып, қолма-қол ақшаға айналдырып алған 44 жастағы күдіктінің бет-әлпеті куәгерлердің сөзі мен бейнебақылау таспаларындағы көріністерге сәйкеспегендіктен, алаяқтық жасаған адамды ұстау шырғалаңды іс болды дейді Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бөлім бастығы Ернұр Уәли.

- Кейін белгілі болғанындай, бұлар осы қала бойынша ірі мекемелерден алаяқтықпен ақша алуға машықтанған топ болып шыққан. Ерлі-зайыпты екеу жоспар жасап, ал үшіншісі – қылмысты орындаушы міндетін атқарған. Ол осы қылмысты жасау үшін бет-әлпетін гримдеп, шашын бояп, жасы 25-30 жастағы жігіт сияқты көрінген.

Басты күдікті Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екені анықталған. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері Ернұр Уәлидің айтуынша, АТФ банкке келіп, өзін қаладағы бір фирманың вице-президентімін деп таныстырған алаяқ тападай тал түсте банк кассасынан еш қиындықсыз ірі көлемдегі соманы алып кете барған көрінеді.

- Ол ұсынған құжаттағы есімі мен барлық деректер сәйкес келіп тұрған соң банк қызметкерлері оған ақшаны ұстатқан. Сонан соң олар тағы бір фирманы осындай тақырға отырғызуға дайындалып жатқан кезінде ұсталды. Ол жердер алаяқтар 1 млн 200 мың доллар алмақшы болыпты.

Ұсталған топ бұрыннан полицейлердің көзіне түсіп жүрген екен. Алайда, нақты қылмысқа қатысы дәлелденбей келген. Бірақ, ішкі істер департаментінің қызметкері Ернұр Уәли алаяқтардан зардап шеккен банктердің санын айтудан бас тартты.

- Мұндай ірі көлемде зардап шеккен жағдай – бірінші рет болып отыр, - дейді ол.

Қазақстандағы екінші деңгейлі ірі банктердің бірі – АТФ банктен «ГолдПродукт» компаниясына несие ретінде дайындалған ақшаны оп-оңай жымқырып кеткен алаяқтардың бұл әрекеті осы уақытқа дейін құпия сақталып келген. Дегенмен, мұндай алаяқтық жағдайлар ірілі-ұсақты банктердің көбінің басынан өткен дейді ішкі істер департаментінің қызметкерлері.