Шымкентте ВИЧ дертіне шалдыққан бала саны 27-ге жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Шымкентте дәргерлердің жүргізген тексеру қортындылары бойынша ВИЧ дертін жұқтырған балалар саны 27-ге жетіп отыр.
Бұл туралы тамыздың 17-сі күні “Азаттық” радиосына Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Рахима Қуандықова хабарлады.

“Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Шымкенттегі ең үлкені 10 жастағы бір балаға және 5 жасқа дейінгі 26 сәбиге қойылған ВИЧ дерті диагнозын растады. Біз қазір балалар мен дәрігерлерді күнделікті тексеруден өткізіп жатырмыз. Тек байланыста болған балаларды ғана емес, сонымен бірге 117 код бойынша, яғни клиникалық белгілеріне қарай да зерттеулер жүргізілуде. Бүгінде мыңға жуық бала тексеруден өткізілді”, - деді Рахима Қуандықова.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сәйкес, облыста бес жасқа дейінгі 20 мың бала, соның ішінде екі жасқа дейінгі 10 мың бала осындай тексеруден өтуі тиіс екен.

Бүгінде облыс көлемінде құрамына денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау мекемелерінің мамандары кірген жұмысшы топтары жұмыс істеуде.

“Республикада бірінші болып жаппай тексеруді біздің облыс бастап кетті. ВИЧ дерті жалғыз бір адамның немесе бір ғана мемлекеттің проблемасы емес қой. Профилактикалық жұмыстар кеңінен қолға алынуы тиіс”, - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Кенесбай Исмайлов.

Бұған дейін баспасөз бетінде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан балалардың саны 10 болғаны айтылған болатын. Қатерлі аурудың таралуы жағынан Қазақстан бойынша төртінші орынды иеленетін бұл облыста ВИЧ дертті жұқтырғандардың жалпы саны 754 адамға жеткен. Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 78 адам тіркеуге алынған. Өткен жылы осы мерзім ішінде олардың саны 44 болған. Ал Қазақстан бойынша бұл дертті жұқтырып ресми тіркелгендер саны осы жылдың маусым айында 6 мың адамнан асқан.