Ирандағы ядролық бағдарлама дағдарысы қашанға дейін жалғаса бермек?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Ираннан ол ұсынысқа жауап болысымен-ақ, Ақ үй бірден «Иран БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты 5 мүше ел мен Германияның талап-шартына толық жауап бермеді» деген мәлімдеме жариялады. Бірақ талдаушылар, Ираннның берген қазіргі жауабына орай бірден толық қорытынды айту асығыстық болар деген пікір айтады.
Жалпы негізгі нәрсе, егер Иран әлі де болса өзара келіссөздерге қарсы болмаса, онда жаңа шешімдерге жол ашылуы мүмкін екен. Бұл орайда Стокгольмдағы халықаралық бейбітшілік институтының ядролық мәселелер бойынша сарапшысы Шанон Киленің айтуынша, алдымен, Иранның берген жауабымен тікелей танысып алу керек.

Ол соңғы апталарда БҰҰ-ның ұсыныс шартына көнетіндей ықылыс бергендігін байқатқан Иран түгелдей болмаса да, уақытша уран байытуын тоқтата тұруы да мүмкін секілді деген пікірде.

– Тегераннан тараған хабарға қарағанда, Иран уран байытуын бірден тоқтатпақ емес. Жалпы, Иран БҰҰ қауіпсіздігі кеңесінің ондай қатаң шартына әу бастан-ақ қарсы болған. Бірақ, ол мәселені өзара талқылап кеңесуге Иран түгелдей қарсы да емес. Оны келелі келіссөздер арқылы шешуге болатындығын Иран түсініп отырғандай, - дейді сарапшы.

Ендігі кезек, Иран жауабын алған елдер жағында. Бірақ, Ақ үйдегі баспасөз өкілінің орынбасары Дана Периноның айтуынша, Иран берген жауап түбегейлі мұқият зерттелетін болады.

- Біз Иранның бұл мәселеге қатты назар аударғандығын мойындаймыз, сондықтан берілген жауапты қайта қараймыз. Дегенмен, берілген жауап Қауіпсіздік кеңесінің талаптарына толық сәйкеспейді. Ұсыныс-шартта Иранның уран байытуын түгелдей тоқтатуы талап етілген болатын. Біз бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің өзге де мүшелерімен тағы да кеңесетін боламыз, - дейді Ақ үй өкілі.

Біздің тұрақты тыңдаушыларымыз құлағдар болар, БҰҰ шілде айының соңына қарай қабылдаған қарарда, Иранның өз уран байыту шараларын тоқтатуына тамыздың соңына дейін мерзім берген болатын. Ол ұсыныс орындалмаған жағдайда Иранға қатаң санциялар жариялануы да айтылған.

Міне енді, Иран жауабына қанағаттанбаған АҚШ тағы да кезекті рет санция жариялануын талап етсе, Иран жаңа келіссөздерге мүмкіндік беріп отырғандай, дейді талдаушылар.

Бірақ АҚШ пен оның батыстық одақтастары санкция жағында болғанымен, ондай жазаға Ресей мен Қытай келіспей, уран байыту мәселесін келіссөздер арқылы шешуді талап етіп отыр.

Осы арада айта кетер жайт, Британия, Франция және Германия үштігі қатысқан келіссөздер барысында Иран өткен жылы өз уран байыту шараларын уақытша тоқтатқан да болатын. Бірақ, 2005-жылғы ол келіссөздерден бірер нәтиже болмағаннан кейін Иран уран байыту жұмысын одан әрі жалғастырып жіберді.

Ал, Швециялық сарапшы Киленің айтуынша, Иранның бұрынғы президенті Мохаммад Хатамимен салыстырғанда, қазіргі ел жетекшісі Ахмадинежат уран байытуды тоқтату жөнінде оншалықты бас қатырып отырмағандай.

Жалпы, уран байытыу арқылы ядролық реакторларға отын дайындалады, ал жоғары деңгейде тіпті ядролық қаруларға материал да әзірлей алу мүмкіндігі бар екен.