Иран Президенті ауыр су реакторы жобасының кезекті бөлігін іске қосты

Иран өз ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі Батыс елдерінің талаптарына көнбей отыр. Иран Президенті Махмуд Ахмединежад сенбі күні өз елінің ядролық бағдарламасындағы кезекті кезеңді бастап берді. Арак қаласында ол ядролық реакторға қажет ауыр су шығаратын зауытты ашу рәсіміне қатысты. Ахмединежад Иран ядролық технологияға деген өз құқығынан бас тартпайтындығын тағы қайталады. Жексенбі күні Иранның ендігі бір жоғары дәрежелі ресми қызметкері өз елінің ядролық бағдарламаны одан әрі дамытатындығын мәлімдеді.
Ядролық бағдарламаға байланысты келіссөздердегі Иранның бас уәкілі Али Лариджани өз елінің Ядролық реакторға қажет отынды өзі өндіретіндігін мәлімдеді. Жексенбі күні жасаған бұл мәлімдемесінде Лариджани бұл Иранның стратегиялық мақсаты деп атап өтті.

Бұл мәлімдеме Иран Президенті Махмуд Ахмединежадтың сенбі күні Арак қаласында ядролық реакторға қажет ауыр су шығаратын зауытты ашу рәсіміне қатысуынан кейін жасалып отыр. Бұл зауыт ауыр-су ядролық реакторына қажет отынды өндіретін болады. Иран бұл реактор электр қуатын өндіруге пайдаланылады деп отыр. Алайда, мұндай реактор атомдық қаруға қажет плутони өндіруде де пайдаланылуы мүмкін.

Мұнымен қатар, Иран уран байыту әрекеттерін де қолға алып отыр. Уран да атомдық қару жасауда пайдаланылуы мүмкін.

Бұл екі арада, Иран жетекшілігі өз елінің ешбір мемлекетке қауіп төндірмейтінін мәлімдеуде. Арактағы реакторды іске қосу салтанаты кезінде Иран Президенті "біз ешкімге, тіпті Сионистік режимге де" қауіп төндірмейміз деген.

Иран жетекшілігінің ядролық бағдарлама мәселесіндегі қатаң көзқарасы ел ішіндегі қарапайым халық арасында да қолдау тауып отырғандай. Рейтерс телеарнасының жексенбі күні Тегеран көшелерінде өткізген сауалнамасы барысында көшедегі көптеген жұрт Иранның ядролық бағдарламасына толық қолдау білдіретіндігін айтқан. Мәселен, Дәуіт Делаварис есімді Тегеран тұрғыны Рейтерс тілшісіне былай деген:

"Арактағы ауыр су реакторының ашылуы керемет жетістік. Біз басқа да ұлы жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Біз Батыс әлемінен келіп жатқан шектеу санкцияклары ескертулерінен қорықпаймыз. Біз бұл істі жалғастыратын боламыз".

Батыс елдері қалыптасып отырған жағдайға байланысты алаңдаушылық танытып келеді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Иран тамыздың 31-іне дейін уран байыту әрекеттерін тоқтатуы тиіс деп талап етіп отыр. Бұл талап орындалмаған жағдайда, Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ жарғысы жетінші бөлімінің 41-ші бабына сәйкес Иранға қарсы шара қолдану мәселесін қолға алмақ.

Алайда, Иранға қандай шара қолдану керектігі мәселесінде әлемнің дамыған елдері түрлі көзқарас танытып отыр. Бұл жағдайдың өзі Иранға байланысты БҰҰ аясындағы әрекеттерді баяулатуы мүмкін.