Еңбек жағдайына наразы Шахтинск кеншілері 2 күн бойы жұмысқа шықпай қойды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Шахтинскінің кеншілері 26 қыркүйек күні 2-ші күн қатарынан жұмысқа шығаудан бас тартты. «Кеншілер 27 қыркүйек күні облыс әкімімен болатын келіссөздерге өз араларынан делегаттар сайлауда» дейді Шахтинскінің жергілікті «Городские новости» газеті. Мұндай делегаттар сайлауға дүйсенбі күні Шахтинск қаласында болған кеншілердің ереуілі себепші болған.
25 қыркүйек күні Қарағанды олысындағы Шахтинск қаласы әкімдігі алдында шеруге шыққан кеншілер Қарағанды шахталарындағы ауыр жағдайларға өз наразылықтарын білдірген.Кешкі сағат 6 шамасында жан-жақтан келіп, бас қосқан кеншілер Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин мен «Миттал Стил Теміртау» Акционерлік Қоғамы көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презентті де осында келуте мәжбүр етті. Ал оқиға 20 қыркүйек күні 41 шахтер қаза тапқан Ленин атындағы шахтада сағат таңғы 6-лар шамасында басталған. Алдымен, жұмыс мерзімі аяқталғанда, 40-қа жуық шахтер шахта ішінен жоғары көтерілуден бас тартқан. Шахтаға журналистердің жиналғанын білгеннен кейін көтерілуге келіскен шахтерлерді облыс басшылығы шахтаның авариялық жағдайдағы емес секторында жұмысты жалғастыруларына көндіріп, көмір өндірушілердің талабын қарастыратын комиссия жасақтайтынын айтқан. Ашу-ызаға булыққан шахтерлердің негізгі талабын Анатолий есімді шахтер былай білдірді:

- Төленетін еңбекақы ешкімнің көңілінен шықпайды. Берген ақшасы ештеңеге де жетпейді. Біз тап бір құлдың еңбегін атқарудамыз.

Шахтерлер қойған талаптардың ішінде сонымен қатар, еңбек ету жағдайын жақсарту, еңбек ету қауіпсіздігі және шахтерлердің зейнетақыға шығу уақытын қайта қарастыру да болды. Мұнымен қоса, 20 қыркүйек күні қаза тапқан әріптестерін жерлемей жатып, басшылықтың шахтадағы жұмысты тоқтатпауы да шахтерлер тарапынан түсінбестік тудырған.

- Ленин атындағы шахтада істейтіндерді қолдап шығуға кешкісін, Шахтинск қаласының алаңына «Шахтинск», «Тентек», «Қазақстан» шахталарының жұмысшылары, қаза тапқан шахтерлердің бала-шағалары және қала тұрғындары, барлығы 2 мыңдай адам жиналған, - дейді облыстық «Новый Вестник» газетінің тілшісі Анастасия Машнина.

Жиналғандар біраз уақытқа дейін ысқырып, гуілдеп, өздерімен сөйлесуге келген басшылықты сөйлетпей қойған. Тек облыс әкімі микрофонға жақындап, жиналғандарға басу айтқанда ғана халық сәл тынышталған дейді оқиға куәгері.

Ал Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанар Бекбанова әкімнің кеншілерді сабасына түсіре алып, келіссөздердің сәтті аяқталғанын айтады.

- Әкім шахтерлерге араларынан бес-бес адамдан таңдап, шахтерлердің барлық мұқтаждарын қағаз бетіне түсіріп, 27 қыркүйек күні облыс әкімшілігінде әкелуді ұсынды. Жұмысшылардың талап-тілектерін орындау-орындамау сөз болған жоқ. Бірақ күн тәртібінде тұрған мәселелерді әкім компания басшысы Миттал Стилге жеткізуге уәде берді, - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Алайда шахтерлер арасында биліктің уәделеріне сенімсіздікпен қарағандар да болды. Мысалы, Сергей есімді кенші бұған көңілінің толмау себебін Қарағанды шахталарында жиі болатын қайғылы оқиғаларды биліктің үнемі ескерусіз қалдыруымен байланыстырады.

- Қандай көзқарас болуы мүмкін? Шахтинскде жарылыс болды, бізге деген қатынас өзгерді ме? Енді өстіп жұмыс істей береміз. Енді тағы бір жарылыс болып, өле қалсақ, бізге Қарағандыдан ескерткіш ашады, міне осымен болды,- дейді Сергей.

Кеншілердің алдағы тағдыры немен аяқталуы мүмкін деген сұрақпен, Қарағандыдағы «Миттал Стил Теміртау» компаниясына хабарласқанымызда, ол жақтан ешбір жауап ала алмадық.

20 қыркүйек күні Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған апатта 41 кенші қаза тапқан болатын.