МӘСКЕУ: Өзінің қастандықтан қаза болары алдында белгілі Ресей журналисі Анна Политковская Чешенстандағы кісі ұрлау мен азаптаулар туралы мақала жазып жүрген екен. Ол жұмыс істеген “Новая газета” басылымының мәлімдеуінше, әлгі мақала газеттің дүйсенбілік санында жарық көруге тиіс болған. Бірақ мақаланың мәтіні із-түссіз жоғалған. А.Политковская – сенбі күні Мәскеудегі пәтерінің кіре-берісінде белгісіз қаскүнемнің оғынан мерт болды. Халықаралық ұйымдар және Еуропа Кеңесі мен АҚШ-тың мемлекеттік департаменті оның қазасына наразылықтарын білдірді.