Өзбекстан президенті өткен жылғы 13-мамырдағы Әндіжан қырғынынан кейін араға 1 жыл 5 ай салып ол аймаққа неге барды?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Сонымен араға сәл кем 1,5 жыл салып, Өзбекстан президенті Ислам Каримов Әндіжан қаласына қазанның 13-інде тағы да келді. Бірақ, Каримов бұл сапарында қуанышты хабармен емес, Әндіжан уалаятының, яғни облысының әкімі Сайдұлло Бегалиевті қызметінен алуға келгендей болды. Жалпы президент Каримов аймақтарды айланғанда әдетте жергілікті басшылықты ауыстырып қайтып отырады.
Әйткенмен, елде Әндіжанның орны ерекше еді. Себебі, Әндіжанда 2005-жылы мамырда, түрлі деректер бойынша, екі жүзден мыңға дейін адам оққа ұшқан болатын. Әндіжан қырғыны бүкіл әлемді дүр сілкінткендей болғаны да рас. Ал, Сайдұлло Бегалиев сол кезде обылыс әкімі қызметінде болатын.

Өзбекстандағы Пресс уз.инфо веб-сайтында қазанның 15-інде жарияланғанындай, Ислам Каримов сол өткен жылғы халық толқынын немесе көтерілісін халықаралық әсірешіл топтар ұйымдастырған, сондай-ақ, конституциялық тәртіпті жойып, халифат құрамыз деген мақсатпен сырттан қаржы демеушілігін алған депті.

Бірақ Өзбекстан президенті Әндіжандағы қанды уақиғадан кейін алғаш рет ол көтеріліске елдегі аймақтық нашар экономикалық жағдай себепші, ал ол халықтың ашу-ызасына түрткі болды деп айтыпты.

Ислам Каримов қазанның 13-шінде Әндіжандағы кеңесте жергілікті әкімшілікті қатты сын астына алған. Таяқтың ауыры алдымен уалаят әкімі Бегалиевке тиген. Оған, Әндіжан халқының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын дер кезінде түзете алмаған, деген айып тағылыпты.

Күнделікті мұндай нашар ахуалдың негізі қайда жатыр, халықтың ашу-ызасына кім жауап беруі керек еді, егер ол мәселені шеше алмайтын болса неге орталық үкімет алдында көтермейді, деген қиын сұрақтар қойған Каримов ол күні.

Ислам Каримов, Бегалиев айналасына ағайын туысты көбейткен, орталық бюджет бөлген қаржыны орынсыз пайдаланған, соның кесірінен үкіметтік дұшпандардың қарсылық наразылығын күшейтіп отыр, деген айыптар айтқан.

Бегалиев қалыптасқан ауыр жағдайды түзете алмады, іскер адамдарды арашалап қалуға мүмкіндігі болмады, деді. Президенттің айтуынша, Әндіжандағы жастардың дамып, табысты болуына мүмкіндік жоқ. Сондықтан жастар Акрамия және Хизб -ут Тахрир ұйымдарына қосыла бастаған. Әндіжандағы қылмыстық әрекетке барғандардың көбі өмірлік тәжірибесі аз жастар, дейді Каримов.

Дегенмен, адам құқықтары тобының пікірінше, Әндіжан қырғынынан кейін Каримов алғаш рет аймақтық әлеуметтік тұрмыстық жағдайдың халық наразылығына негізгі түрткі болғандығын мойындағандай.

Бірақ, үлкен кінә Әндіжанның Бегалиевтен бұрынғы әкімі Қабулжон Обидовқа артылып отыр екен. Оған Әндіжандағы көтерілісті ұйымдастырған деген айып тағылыпты. Обидов 2004-жылы қызметінен алынған болатын.

Ал Әндіжандағы қырғынға дейін бір топ әндіжандық іскер азаматтар экстремисті діни Акрамия ұйымына кірген деген айыппен бас бостандықтарынан айрылған еді.

Бірақ ол іскер азаматтар мақсатымыз - Ислам шарият заңымен жұмыс істеп бизнес жасамақ едік деген ой айтады.

Жалпы талдаушылардың пікірінше, Каримов Әндіжанға келіп мұндай өзгерістерді жасап отырғандығының бірер себебі де бар секілді. Жақын күндерде ЕуроОдақ Өзбекстандағы адам құқықтарына байланысты Өзбек үкіметіне жарияланған санкцияны қайта қарауы мүмкін екен.

Өйткені, осыдан тұп-тура 1 жыл алдын 2005-жылы қазанда ЕуроОдақ Өзбекстанға санкция жариялап қару-жараққа эмбарго енгізіп, сондай-ақ ресми үкіметтен 12 кісіге Еуропаға келуге тиым салынған болатын.

Ол кезде батыс елдері, халықаралық ұйымдар Әндіжандағы қанды уақиғаны тергеу қажет деп талаптар қойған болатын. Бірақ, Өзбекстан өкіметі ондай шараға қарсы болып, артынша АҚШ-пен өкпелесіп, тіпті Өзбекстандағы АҚШ әскери базасын келіскен мерзімнен ертерек жапқан да болатын.

Дегенмен, міне енді соңғы жағдайлардың көрсеткеніндей, президент Каримов Әндіжан уақиғасына орай біршама өзге көзқараспен іс тұта бастаған секілді. Тіпті, Батыспен өзара қарым-қатынасты жөндеуге де құлықтылық байқата бастағандай. Оған бір дәлел, тамыз айында Өзбекстанға АҚШ, Жапония және Еуроодақтан ресми өкілдер келіп, жоғары әкімшілікпен келіссөздер жүргізе бастаған.

Атап айтсақ, тамыздың 9-ында Тәшкенге АҚШ мемлекеттік департаментінен өкіл Ричард Баучер келіп, президент Каримовпен кездескен. Кейбір көзқарас айырмашылығына қарамастан Өзбекстан мен АҚШ аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда өзара ынталы, деген Р.Баучер.

Міне енді, Әндіжандағы өткен жылғы қанды уақиғалардан кейін президент Каримов алдымен сол кездегі әкімшілікті ауыстырды. Болжамдарға қарағанда, тағы да бірқатар әкімшілік өзгерістері болуы мүмкін екен.

Дегенмен, елдегі негізгі саяси-экономикалық реформаларды іске асырмай тұрып Өзбекстандағы халықтың ой-сана, пікір-көзқарасын оңайлықпен өзгерту қиын шығар деген болжам аайтылып қалады.