Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі өткен облыстық дәрежедегі қала мен аудан әкімдерінің сайлауын сынға алды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қазақстанның барлық облысында өткен сайлауға бақылау жасаған аталмыш ұйым өкілдері қалалар мен аудандардың әкімдерін жанамалы сайлау барысында Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы шектеліп, заң бұзушылықтар орын алды, деп мәлімдеме жасап отыр.
Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің өкілдері қазанның 20-сында Қазақстанда өткен облыстық дәрежедегі қалалар мен аудан әкімдері сайлауы кезінде жол берілген негізгі екі заң бұзушылықты атап айтты.

«Біріншіден - кандидаттарды жоғары тұрған әкімдердің ұсынуы Қазақстан азаматтарының сайлану құқығын бұзса, екіншіден - халықтың өз әкімдерін сайлауға қатыспауы, дауыс беруді жанама түрде мәслихат депуттарына беруі бұл халықтың сайлау құқығын бұзды», - дейді Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің жетекшісі Тасқын Рақымбекова.

Оның айтуынша, әкімдер ұсынған кандидаттар бір орынға орта есеппен 2,5 кандидаттан келген. Ұсынылған кандидаттар негізінен Отан партиясының өкілдері болған. Ол: «Бұл сайлаудың шынайы баламалығынан гөрі, оның ресми ойын болғанын көрсетті», дейді.

Облыс әкімінің сайлау процесіне тікелей араласуының өзі заң бұзушылық, деген Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің өкілі Аман Шорманбаев: «Азаматтардың конституциялық құқығын толық қамтамасыз ету, яғни осы сайлауға қатысты Президент жарлығындағы үміткерлерді облыс әкімі ұсыну керек деген норманы алып тастау керек. Кез-келген азаматтың өз кандидатурасын ұсынуға құқығы болу керек деген біздің ұсынысымыз бар», дейді.

Ал Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Облыстық дәрежедегі қалалар мен аудан әкімдері сайлауын қоғамды демократияландыру бойынша Қазақстанда тағы алға бір қадам жасалды», деп бағалаған болатын.

«Өз басым өткен сайлаудан демократияға жасалған қадамды көріп тұрғаным жоқ. Халықты сайлау құқығынан айырып мұндай сайлау өткізу қазіргі Қазақстан билігіне тиімді. Өйткені, оларға қалай болғанда да қолдарынан билікті шығармау керек. Жергілікті билікті халықтың өзі сайлайтын болса ол әкім ертең халықтың алдында есеп береді. Ал бұл қазіргі біздің вертикальды билік жүйесін тікелей жоққа шығарады. Әйтпесе жергілікті жердегі биліктің атқарушы тармағын сайлауға халықтың тікелей қатысқаны шынайы демократияның көрінісі болар еді», дейді саясаткер Дос Көшім.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, тіркелген 135 кандидаттың 83-і бұрынғы әкімдер мен әкім орынбасарлары болған. Олардың 39-ы өз қызметін сақтап қалса, сайланған басқа 20 әкімнің 17-сі мемлекеттік қызмет жүйесінде, үшеуі жеке меншік құрылымдарда жұмыс істегендігі хабарланды.