ВИЧ инфекциясын жұқтырған тағы бір бала Түркістан қаласынан табылды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертін жұқтырған балалар саны 80-ге жетіп, оның 8-і қайтыс болды. Бұл жайында 20 қараша күні бұқаралық ақпарат құралдарына «Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрағасы Сағадат Масауров мәлімдеген. Алайда мемлекеттік мекемелер бұл ақпаратты ресми мойындамай отыр.
«Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрағасы Сағадат Масауровтың айтуынша, Түркістандық баланың ВИЧ инфекциясын жұқтыруы өткен аптада белгілі болған. Ал осы аурудан көз жұмған 8-ші бала Сайрам ауданының 5 жасар тұрғыны болып шықты. Сағадат Масауров баланың жүрегінде туғаннан ақаудың болуы оның ерте қайтыс болуына әсер еткендігін айтады. Ал Шымкент қаласында тіркелген «Сенімді тірек» қоғамдық қорының президенті Валентина Скрябинаның айтуынша Оңтүстік Қазақстан облысында 80-ші балада ВИЧ дертінің анықталғандығы жөніндегі әңгімелер бұдан екі апта бұрын айтыла бастаған.

- Дәрігерлер Түркістандық баланың ВИЧ вирусын қайдан жұқтырғаны жөніндегі зерттеулерін әлі жүргізіп жатыр. Біз осы іске анда-санда өз көмегімізде тигізіп отырамыз. Біздің ойымызша, ВИЧ инфекциясы әлі 5-6 баланың бойынан табылып қалуы мүмкін,-дейді Валентина Скрябина.

Ал Шымкенттегі оқиғаға байланысты депутаттық комисссияны басқарған Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов ВИЧ инфекциясы Түркістанға Шымкент қаласынан баруы мүмкін дегенді айтады. Сонымен қатар депутат Шымкент қаласында зерттеу жүргізген депутаттық комисссия жұмысының тоқтатылуы дұрыс шешім болмады деп, оған биліктің әсер еткенін айтады:

- Пленарлық отырыста Шымкенттің депутаттары дауыс беріп, біз мұны ары қарай талқыламайық, бұл мәселені көтермейік, себебі ол елге әсер етіп жатыр деді. Сонымен, парламентте көпшілік дауыспен комиссияның жұмысын доғардық. Менің ойымша, комиссияның жұмысын тоқтатуға болмайды. Себебі ол бір күндік мәселе емес. Ол балалар енді өмір бойы ауырады. Кейбіреуі 20 жыл, кейбіреуі 30 жыл өмір сүруі мүмкін.

Сонымен қатар, Ерасыл Әбілқасымов Шымкенттегі жағдай қанша жан түршігерлік оқиға болғанымен, оның көп нәрсеге түрткі жасаған пайдалы жақтары болып отырғандығын да айтады.

- Шымкенттің арқасында медицина саласында былықтардың бар екендігін байқадық. Соған байланысты қазір бүкіл Қазақстанды тексеріп жатыр, - дейді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар Шымкент қаласынан басқа Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарынан да табылған болатын. Әзірге қатерлі дертті жұқтырғандардың 8-і көз жұмған. Ал осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің басшысы Вячеслав Дудник Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ инфекциясының жаңа таралу аумағының табылуы мүмкіндігін айтқан еді.