Баспасөзге шолу. 11.21.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН
Сейсенбілік баспасөз беттерінде, Астана қаласында алкогольді ішімдіктерден улану оқиғасының жиілеп кеткені туралы мәселе көтеріліпті. Сондай-ақ, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылуына 5 жыл толуына байланысты мақалалар жарық көрген.
«Айқын» басылымының дерегінше, жыл басынан бері өткен 9 айда Астанада сапасыз ішімдіктен уланудың 111 оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 80 адам көз жұмған. «Қазақстандықтардың суррогат арақ-шарап өнімдерін ішіп, жүздеп-мыңдап қырыла бастауы Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне шығаруға лайықты проблема. Өйткені ең алдымен, арақтан уланып көз жұмғандардың көпшілігі қазақтар. Екіншіден, жаңа жыл мерекесі қарсаңында, одан кейін де думан-қызықтың «пырағына» қамшы басушы қазақстандықтардың қатары көп болмақ, демек, оларды отандық нарықты орыс пен қырғыздардың жалған алкогольді ішімдіктерінен қорғау қажет», - деп жазады «Айқын» басылымы.

Ал «Комосмольская правда Казахстан» газетінің дерегінше, Қзақстанға сапасыз қолдан жасалған өнімдер негізінен Ресей мен Қырғызстаннан келеді. «Ресейліктер биыл Федерация аумағында тиым салынған, ескі акциздік маркалы арақ-шараптарды өткізуге тырысады. Заң бойынша, бұл тауарлар жойылуы тиіс. Ал Қырғызстан көршілес республикаларды қолдан жасалған арақтармен қамтамасыз етуде». Сондықтан, сапасыз алкогольді өнімдердің жолын кесу мақсатында Астанада қаржы полициясы, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті, Салық комитеті қызметкерлерінен тұратын арнайы комиссия құрылды, - деп жазады «Комсомольская правда Казахстан» басылымы.

«Известия Казахстан» басылымының жазуынша, Астанадағы ірі супермаркеттердің өзі алкогольді өнімдерді сату ережелерін өрескел бұзуда. Осылайша, сапасыз спиртті ішімдіктер сатылымға шығарылған. Жалпы, газет дерегінше, Астана қаласында жүргізілген тексеру нәтижесінде арақ-шарап өнімдерін сататын барлық мекемелер этил спирті мен алкогольді өнімдерді лицензиялау және айналым саласындағы заңдарды бұзуда. Тексеру жүргізілген кәсіпорындардың барлығында тауарларда есеп-бақылау маркілері болмаған,-деп жазады «Известия Казахстан».

«Экпресс-К» газеті, Астанадағы саябақтарда алкогольді өнімдерді сатуға рұқсаты жоқ кәсіпорындардың спиртті ішімдіктер сатумен айналысып келгенін жазады. Басылым дерегінше, арнайы лицензия тек 9 кәсіпорында ғана болған. Ал саябақтарда 50-дей кәсіпорын спиртті ішімдік сатып келген. Ендігі жерде Астана қаласының әкімі Асқар Маминнің шешімімен, саябақтарда ішімдіктер сатуға тиым салынды деп жазады «Экспресс-К».

Қазақстанда бүгінде оппозиция деген атау ғана қалды, сондықтан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының 5 жылдығын атап өтуі жасандылық деп жазады «Литер» газеті. Әйтседе, қазір өмірде жоқ партияның мерейтойын атап өту, оппозицитя деп аталатын топ құрамында елеусіз өзгерістердің болып жатқандығынан хабар береді деп жазады «Литер». Сондай-ақ, басылым, бүгінде Қазақстандағы оппозиция серкелерінің арыны басылып, қоғамда болып жатқан оқиғаларға еренсіздікпен қарайтынын сынға алады. Осы арқылы, оппозиция өзінің қоғам алдындағы беделінен де айырылып барады, - деп жазады «Литер» газеті.

Ал, «Жас Алаш» басылымы «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшылары, 18 қараша күні ұйымның 5 жылдығына орай, қоғам өкілдерімен кездескенін жазыпты. Газет дерегінше, жиынға қозғалыстың 12 құрылтайшысының бесеуі ғана келген. Осыған орай, басылымға сұхбат берген қозғалыс көшбасшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов, 5 жыл бұрынғы 12 адамның идеялары қоғамнан қолдау тауып, оны бүгінде 12-15 миллион адам айтып жатыр, ең бастысы осы дейді. «Елге демократия керек, парламенттің өкілеттілігін кеңейтейік, халықтың билігі қажет» дегенді Президент Назарбаевтан бастап барлығы айтуда. Бұл сол идеялардың қоғам санасына сіңгенінің көрінісі», - дейді Ғалымжан Жақиянов «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.