Алматы қалалық Жазушылар Одағы құрылмақ

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Қазақстан Жазушылар Одағының бір топ мүшелері Алматы қалалық Жазушылар Одағын құруды жоспарлап отыр. Бұл жайында 2-желтоқсан күні «Азаттық Радиосына» берген сұхбатында жаңа ұйым құрғалы жатқан бастамашыл топтың мүшесі, жазушы Бейбіт Қойшыбаев айтты. Ол жаңа ұйымды құрудағы мақсат Жазушылар Одағына бәсекелестік тудыра отырып, жазушы қауымы іс-әрекетін жандандыру дейді. Алайда жазушылар арасында мұндай әрекетті қолдамайтындар бар.
Бастамашыл топтың мүшесі Бейбіт Қойшыбаев Жазушылар Одағы билік тарапынан қолдау таппай отырғандықтан өз деңгейінде жұмыс атқара алмай отыр деп санайды. Ол осы күнге дейінгі Одақтың аздаған ақын-жазушылардың арқасында ғана танылып жүргенін айта келіп, жазушылар өздерін зиялы ретінде көрсете алмай отыр дейді. Ол бұған дейінгі зиялы қауымның халықтың нағыз жоқтаушылары болғандығын айтады.

- Бір кездері демократиялық, революциялық көзқарастардың алдыңғы легінде халықтың көшбасшылары болып, әдетте ақын-жазушылар жүрген. Мысалы, Алашорда қайраткерлері. Кеңес тұсында кеңестік ұрандарды ұлт мүддесіне бағындырамыз дегендердің де көбісі жазушылар мен публицисттер болатын. Тәуелсіздіктің қарсаңына дейін жазушылар және Одақтың өзі де белгілі дәрежеде белсенді болып келді деуге болады. Мысалы, бүкіл әлемді аузына қаратқан «Невада-Семей» қозғалысы Жазушылар Одағы іргесінде туды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін ондай елең ететін қозғалыс болған жоқ. Қазір елдің, қоғамның өміріне үлес қосудан гөрі өзінің қара басын ойлап кететін жағдайлар көп болып барады.

Бейбіт Қойшыбаев соңғы кездері қоғамда қатты талқыланып жатқан мемлекеттік тіл, әріптің кириллицадан латынға көшуі сияқты мәселелерге жазушы қауымының үн қатпауы Жазушылар Одағы сылбырлығының көрінісі деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі жазушылар қоғамдық-саяси процестерге өз көзқарастарын білдіруге жарамай, билікті тек жөнсіз қолдаумен ғана шектелініп жүр.

- Жазушылар шын мәнінде ел пайдасын ойласа, шындықты айта білуге тырысуы керек. Кемшіліктерді ашып, үн қату арқылы үкіметтің жұмысына кішкене сын көзбен қарауы керек. Жазушыны халықтың ар-ожданы деп неге айтамыз? Жазушы өзінің бүкіл болмысымен, шығармашылығымен билікке оппозицияда болуы керек. Өйткені үкіметтің жұмысында кемшіліктер болады. Сен билікке бір нәрсені бүлдірдің, кет деген сөз емес. Керісінше, кемшілігін айту арқылы кемшілігін дұрыстай берем деген сөз. Басқалар емес, мұны жазушылар айтса, өтімді болады. Қысқасы, жазушылар баяғы Бұқар жырау рөлін атқара білуі керек деп ойлаймын, - дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Ал жазушы Қабдеш Жұмаділов болса, Алматы Жазушылар Одағының құрылуына қарсы екендігін білдіріп, одан жалпы Қазақстан Жазушылар Одағының жұмысы жақсара қоймайтынды деп санайды.

- Өткен жұмада Жазушылар Одағының кеңейтілген Хатшылығы болып, сонда Одақтың бөлуі мүмкін еместігі айтылды. Онда, егер біреулер әлдеқандай жік шығарып, одақ құрылатын болса, олардың Қазақстан Жазушылар Одағынан шығатындығы айтылды. Егер олар белсенді жұмыс істеймін десе, келер жылдан бастап басшылық ауысып, сайлау болады. Соған дайындалсын. Ал енді оншақты адам бірігіп, біз Одақ құрамыз дегеніне жазушылар көнбейді, - дейді Қ.Жұмаділов.

Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабеков жазушылардың екіге жарылуынан соң, болашақта оның бірнеше топқа бөліну қаупі бар екенін айтады. Дегенмен ол Жазушылар Одағына реформалардың керек екендігін айта келіп, бір топ жазушылардың бөлектенуі жайында өз ойын былайша білдіреді.

- Одақ өткізетін жиналыстардың барлығы селқос. Ал Жазушылар Одағының үйі жартылай әлдекімдерге сатылып кетті. Оны ала алмады. Одақ басшылығы сайланған кезде бірінші күннен бастап осыны жолға қоям деген. Содан бері бірнеше жыл өтті. Бұған дейін жұмысты жандандырам деген пікірлер болған. Бірақ мыналар күте-күте, осыған сенбегендіктен бөлінді деп ойлаймын, - дейді Дулат Исабеков.

Бүгінде Қазақстанның Жазушылар Одағына 700-дей адам мүше болса, Алматы Жазушылар Одағына бірігеміз дегендер 40 шақты адамды құрайды. Олар өз ұйымдарын бір айдың көлемінде заңдастыруды жоспарлап отыр. Бейбіт Қойшыбаевтың айтуынша, бұл ұйым ақын-жазушыларды тұратын жеріне емес, пікірлес болуына байланысты біріктірмекші.