Германияда радиация іздері табылды

Бұрынғы Ресей тыңшысы марқұм Александр Литвиненкомен кездескен соңғы азаматтардың бірі Дмитрий Ковтун барған бірнеше жерден радиация белгілері табылды. Германия билік орындары табылған радиация іздерінің полоний-210 екендігі әбден ықтимал деп хабарлады. Литвиненко осы радиоактивті полоний-210 затынан уланып қаза тапқан болатын. Дмитрий Ковтун онымен қарашаның 1-і күні кездескен екен. Хабарларға қарағанда, Ковтун радиация ауруынан емделуде. Литвиненконың жұбайы күйеуінің өліміне Ресей билігінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл айыптауларды ресми Мәскеу жоққа шығарып отыр.